Өскемендік оқушы халықаралық байқауға жолдама алды
Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 «В» сынып оқушысы Бекжан Жанболатұлы республикалық «Жеті өнер жұлдыздары» шығармашылық байқауында «Аспапта орындаушылық өнері» (фортепиано) номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылдың 19 қазанында өткен додада еліміздің әр өңірінен жиналған жүздеген жас өнерпаз бақ сынады.
Байқауды ұйымдастырған – «Жеті өнер» шығармашылық орталығы. Жарыстың басты мақсаты – өнерге құштар жастардың қабілетін шыңдау, шығармашылығын дамыту және сахна мәдениетін қалыптастыру.
Бекжанның фортепианодағы жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігі, музыкалық сезімталдығы мен сахнадағы жинақылығы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жас дарынның бұл жетістігіне оның жетекшісі Ержан Шайзратұлы кәсіби қолдауы мен бағыт-бағдары зор үлес қосты. Байқау нәтижесінде Бекжан Түркияның Стамбул қаласында өтетін халықаралық «Жеті өнер» байқауына арнайы шақырту алды.
Бұл жеңіс – жеке жетістік қана емес, Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебі ұжымының шығармашылық әлеуетінің айқын көрінісі. Бекжан Жанболатұлы – қазақ өнерін әлем сахнасына алып шығатын жас таланттардың жарқын өкіліне айналды.
Айжанат Бақытқызы