KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, Ю
511.92 588.91 6.44

Өскеменнің жас жұлдыздары Дубайда топ жарып, Парижге жолдама алды

10.06.2025, 18:00 152 Айжанат Бақытқызы

Дубайда өткен халықаралық «Dubai Music Festival» ән байқауында өскемендік оқушылар жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бас жүлде мен бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Таяу Шығыстың алып мегаполисінде ұйымдастырылған өнер додасына алты елден келген дарынды өнерпаздар қатысты. Қазақстан атынан барған өскемендік жас әншілер – Адина Қасымханова бас жүлдені, ал Айзат Естай мен Дария Қайрат бірінші орынды жеңіп алды.

Байқауда жас өнерпаздар патриоттық бағыттағы әндерді орындады: Адина – «Ұлы далам менің», Айзат – «Туған жер», Дария – «Елім» әндерін шырқады. Қазылар алқасының құрамында АҚШ, Ұлыбритания және БАӘ елдерінің кәсіби мамандары болды. Олар отандық орындаушылардың өнеріне жоғары баға берді.

Бұл жетістіктің артында – «Ата-мұра» вокал студиясының жетекшісі Гүлнар Мұхамадиева тұр. Ол шәкірттеріне ән айту шеберлігін ғана емес, сахна мәдениеті мен ұлттық өнерге деген құрметті де үйретіп келеді.

Сайыс жеңімпазы Адина Қасымханова өз әсерімен бөлісті:

– Мен №48 орта мектептің 5-сыныбында оқимын. Ән айтуға төрт жасымнан бастап қызықтым. Бұл жеңіс – ұстазымның еңбегі мен отбасымның қолдауының арқасы. Әсіресе байқау кезінде жанымда болған апама ерекше алғыс білдіремін. Бұл сәт менің есімде мәңгі сақталады.

Өнерлі оқушыларды туған жерінде мектеп ұжымы, сыныптастары мен туыстары салтанатты түрде қарсы алды. Сонымен қатар, оларды қолдаған «Томирис» продюсерлік компаниясы ұстаз Гүлнар Шібиханқызына Парижге тегін жолдама, ал оқушыларға 50 пайыздық жеңілдікпен жолдама табыстады. Алда жас әншілер Францияның бес қаласын аралап, мәдени бағдарламаларға қатыспақ.

Қазір талантты шәкірттер тамыз айында Парижде өтетін халықаралық байқауға тыңғылықты дайындалып жатыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу