Самар ауданындағы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасының қарқыны қуантады. Мұнда төрт айдың ішінде он төрт тұрғын үй салынып, жұртшылықтың қуанышын еселеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құрылыс жұмыстары келер жылы аталған бағдарлама аясында өз жалғасын табады.
— Бүгінде Самар ауданында 430 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Болжам бойынша 3–4 жыл ішінде барлық мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын. Самар ауылында 12 үй бой көтерді, құрылыс жұмыстарын үш мердігер ұйым атқарды — әрқайсысы төрт үйден салды. Ал Құлынжон ауылында екі үй тұрғызылды. Кілттерді табыстау рәсімін қараша айында «Отбасы банк» арқылы өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.
Жаңа үйлер әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға беріледі. Самар ауылындағы үйлер «Әуежай» деп аталатын жаңа шағын ауданда бой көтерді — бұл жерде бұрын шағын аэропорт орналасқан екен.
— Келер жылы бұл маңда жол салынады. Жақын жерде 150 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Біз бұл аймақты бекер таңдаған жоқпыз. 90-жылдары бекітілген бас жоспар бойынша бұл аумақ перспективалы деп танылған еді. Алайда сол кезде жұмыстар тоқтап қалған. Енді сол істі қайта жандандырып, шағын ауданды ауылдағы ең көрікті орындардың біріне айналдырамыз, — деп атап өтті Серік Жеңісов.
Әкімнің айтуынша, құрылысқа қаржы облыстық және республикалық бюджеттерден бөлінген. Бір үйдің құны шамамен 40 миллион теңгені құрайды.
— Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталды. Таңертеңнен кешке дейін кестеге сай істедік. Қазіргі таңда төрт үй толықтай аяқталды, қалған үйлерде әрлеу жүріп жатыр, — деді мердігер компания өкілі Нұртас Иманжанов.
Алдағы уақытта «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы алғаш рет Миролюбовка, Сарыбел және Аққала ауылдарында басталмақ.
Жергілікті ақсақал Мауытхан Қойшыбаев бұл жерде бұрын небәрі төрт үй болғанын айтып өтті.
— Өз көзіммен көрдім, үйлердің қалай бой көтеріп жатқанын. Жігіттердің еңбегі зор! Ауылымыз көркейіп келеді, соған қуаныштымын, — деді «Аэропорт» шағын ауданының тұрғыны.
Айта кетейік, «Бір қабатты Шығыс» — 2019 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан өңірлік бағдарлама.
Наргиз Еркінбекова
Фото: Данияр Сағидолдин