Катонқарағай ауданында жаңа спорттық-сауықтыру кешені ашылды
Республика күні қарсаңында Катонқарағай ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Балалар мен жасөспірімдер спорты мен бұқаралық спортты дамыту – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы өз сөзінде:
Осы бағытта еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде ауылдық жерлерде де жаңа спорттық нысандар салынып, халықтың спортпен айналысуына мүмкіндік жасалуда. Үкімет 2025 жылға дейін спортпен тұрақты түрде айналысатын халық үлесін 50 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Катонқарағайдағы жаңа спорт кешені – салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға арналған маңызды әлеуметтік нысан. Кешенде кең әрі жарық залдар, заманауи спорттық жабдықтар, киім ауыстыратын бөлмелер мен душ кабиналары бар.
Іс-шараға аудан басшылығы, спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысып, жаңа нысан өңір спортына серпін беретінін атап өтті. Дәстүр бойынша ауыл ақсақалдары да игі тілектерін айтып, ақ батасын берді.
Кешеннің құрылысы 2020 жылдың шілде айында басталған. Алғашқы мердігер – «QazConstructions» ЖШС болса, кейін құрылыс қарқынының төмендеуіне байланысты 2024 жылы жоба жаңа мердігер – «СтройДомСервис» ЖШС-не тапсырылған. Жобаның жалпы құны 921,6 млн теңге, оның ішінде 2024 жылға – 886,3 млн теңге, ал 2025 жылға – 35,3 млн теңге бөлінген.
Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан 100 пайыз дайын күйінде пайдалануға берілді. Кешен орталық жылу жүйесіне қосылып, өрт дабылы мен бейнебақылау орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған барлық ұсақ ақаулар жойылған.
Кешен аумағында тротуарлар мен жиектастар жаңартылып, волейбол және мини-футбол алаңдарына жасанды жабынды төселді. Воркаут аймағына резеңке төсеніш, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Жаңа спорт кешені Катонқарағай ауданында бұқаралық спорттың дамуына, жастар мен жасөспірімдердің белсенді өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік береді. Мұнда түрлі спорт үйірмелері ашылып, тұрғындар бос уақытын тиімді өткізе алады.
Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл нысан болашақта өңірдің спорт орталығына айналып, көптеген жас спортшылардың үлкен спорттағы жолын бастауына жол ашпақ.
Жайна Сыранова





