KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Шығыстағы шалғай ауылдар көркейер күн алыс емес

28.10.2025, 13:00 215 Базарова Айгүл

Осыдан үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан шекаралық аудандарды дамыту жөнінде өзге облыстар арасында алғашқы болып арнайы бағдарлама қабылдады. Содан бастап орталықтан алыс ауылдардың тамырына қан жүгіргені рас. Ендеше, аймақтың шекаралық оңтүстік аудандары – Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл және Катонқарағай аудандарын жұтатпай, керісінше толықтырып тұрған шалғай ауылдардың бүгінгі тіршілігі қандай? Қайтадан жеке аудан мәртебесін алған аудандардағы халықтың көп жылғы арыз-армандары орындалып жатыр ма? Үдере көшу тоқтады ма Осы сауалдармен жоғарыда аталған аудандардың басшыларына хабарласқан едік, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

 

Екі жылда екі миллиард

Мәселен, тұмса табиғатымен көз арбайтын Катонқарағай ауданы Президент Жарлығына сәйкес жеке аудан болып қайта бөлінген соң мемлекеттен екі миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, әкімшілік ғимараттар және барлық әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп, талапқа сай жұмыстарын атқаруда. Әрине, шекаралық аудан болғандықтан, ең басты мәселенің бірі – көші-қон жайы. Дәл қазір халық саны ауданда тоғыз жарым мың адамды құрайды. Бұрынғыдай емес, ауылдан үдере көшу тоқтаған.

– Халық санын арттыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі жұмыс істеудеміз. Биылдың өзінде 26 адамнан тұратын тоғыз отбасы көшіп келді. Оның ішінде үш жаня медицина саласының мамандары. Осылайша, ауданға аса қажет хирург, гинеколог дәрігерлердің мәселесі шешілді. Аймақтық «Шығыс шақырады» бағдарламасының аясында қазан айының басында өзге қала-аудандармен бірге Шымкент қаласында және Түркістан облысында бос орындар жәрмеңкесін өткізіп қайттық. Нәтижесінде Шымкенттен 286 адамды құрайтын 68 отбасы, ал Сарыағаш ауданынан адам саны жүзден асатын 24 отбасы Катонқарағайға көшіп келуге, осында тұрып жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Бұл біз үшін үлкен жаңалық, – деді аудан әкімінің орынбасары Серік Жакитов.

Катонға ағылған көш көп

Жалпы, ауданға көшіп келужағынан оң тенденция қалыптасқан. Астана, Алматы қалаларынан, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан көптеген отбасылар қызығушылық танытуда. Бұған себеп, ауданның тамаша табиғаты мен жаңадан салынып жатқан заманауи әуежайдың құрылысы. Жұмыспен қамтуда мәселенің жоқтығы. Яғни, өзге облыс тұрғындары Катонның даму болашағынан нық сеніммен үлкен үміт күтіп отыр.

Ауданға мемлекеттік бағдарламамен көшіп келген әр адамға 15 АЕК мөлшерінде көші-қон ақысы төленеді. Сондай-ақ, аудан аумағынан баспана сатып алам деушілерге де 50 пайыз қаржылай қолдау бар. Баспана құнының тең жартысын мемлекет төлеп береді. Бұл ретте тек үй құны 1160 АЕК-тен аспаса болғаны.

Бұл айтылғандардың жарқын мысалын әлеуметтік желілердегі жазбалар арқылы да байқауға болады. Мәселен, еліміздің батысынан, сонау Ақтаудан Катонға қоныс аударған Аягөз есімді көпбалалы ана Шығыстағы жаңа өмірін өзінің оқырмандарымен жиі бөліседі.

– Туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Былтыр Катонқарағайға 150 мыңдай турист келсе, биыл көрсеткіш екі жүз мыңнан асады деп күтілуде. Өз кәсібін ашам деген азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 4 пайыздық несие де қарастырылған. Былтыр сол арқылы ауданда 289 миллион теңгенің 24 жобасы іске асса, соның 18-і туризм саласын дамытуға қатысты болды, – деді Серік Мырзағалиұлы.

Басты мәселе – интернет шешілсе

Катонқарағаймен іргелес жатқан Марқакөл ауданында халықтың 82,4%-ы интернетпен қамтылған. Цифрлық инфрақұрылымды кеңейту бағдарламасын іске асыру шеңберінде ағымдағы жылдың наурыз айында Шеңгелді және Игілік ауылдарында оператордың өз қаражаты есебінен "Кар Тел" ЖШС (сауда маркасы - Beeline) компаниясынан мобильді интернетке қосылу жүргізілді. Алайда интернетке қатысты проблема Жаңауыл, оң жақ Қалжыр, Ұранқай, Қайнарлы, Бұлғары табыты, Ақжайлау, Теріскей-Бөкенбай, Балықтыбұлақ, Шағанаты, Күнгей-Бөкенбай ауылдарында тіркелген. Бұл ауылдарда шамамен 1262 адам тұрады. Осы мәселелерді шешу ұялы байланыс операторларымен бірлесіп кезең-кезеңімен жоспарланып отыр.

– Жолдарда ұялы байланыстың болмауы өзекті мәселе болып қала береді. Бұл, әсіресе, туристер мен Маркакөл ауданының жергілікті тұрғындары үшін өзекті. Оны шешу мақсатында қазіргі уақытта республикалық трасса бойында (Қазақстан ауылынан 8,9 шақырым) 1 АМС салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бүгінде жобалау ұйымы жобаның барлық бастапқы деректерін және келісімін алды. ЖСҚ толықтығын тексеру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сараптама қорытындысын алу үшін жобаны жүктеу ағымдағы қазанның сонына дейін жоспарланған, – деді аудан әкімі Рүстембек Кемешов.

Марқакөлге дәрігерлер қажет

Марқакөл ауданында білім беру нысандарының жалпы саны 21 бірлік. Тегін тамақпен 868 оқушы қамтамасыз етіледі, оның ішінде бастауыш сыныптарда оқитын 460 оқушы бар. Ағымдағы жылы мектептерге 79,1 млн. теңгеге 7 кабинет сатып алынған.

Офтейк келісімшарт шеңберінде Игілік ауылында 50 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Қайнарлы ауылында 50 орындық және Төсқайың ауылында 100 орындық мектептердің құрылысы басталды.

– Бүгінде Марқакөл ауылдық ауруханасы стационарлық, амбулаториялық поликлиникалық, жедел-жәрдем және алғашқы медициналық көмек қызметтерін көрсетеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасын іске асыру мақсатында ауданда Ақжайлау, Ұранқай елді мекендерінде жаңа емдеу мекемелері қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта Марқакөл дәрігерлік амбулаториясына акушер-гинеколог, хирург, стоматолог, анестизиолог, екі акушер және екі жалпы тәжірибелік дәрігер қажет. Соңғысының біреуі Төсқайынға, екіншісі Қалжырдағы дәрігерлік амбулаторияға керек, – дейді аудан басшысы Рүстембек Нәбиолдаұлы.

Марқакөл дәрігерлік амбулаториясының емхана бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауға денсаулық сақтау басқармасына хат жолданған. Биыл лифт қондырғысы күрделі жөндеуден өтуде.

Зайсан – еліміздің шығыс қақпасы

Шекара маңындағы аумақтарды дамыту – бұл мемлекеттің тұрақтылығымен, оның экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуімен және сыртқы экономикалық интеграциясымен тікелей байланысты стратегиялық міндет.

Бұл жағынан алғанда Зайсан ауданы – еліміздің шығыс қақпасы саналатын аудан. Бүгінде "Омбы – Майқапшағай" халықаралық маңызы бар негізгі магистраль арқылы Қытай Халық Республикасымен шекаралас және аудан аумағында "Майқапшағай" өткізу пункті жұмыс істеп тұр.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайни Нұрлыбекқызының айтқан мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Зайсан ауданы аумағынан 460 шақырым жол өтеді, оның ішінде 168-і – республикалық, 81-і – облыстық, 211 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар.

Аудандағы барлық 33 елді мекен 100% таза ауыз сумен қамтылған.

Жамбыл, Қаратал, Жаңатұрмыс, Біржан, Қарабұлақ, Сарытерек, Тасбастау, Жарсу, ауылдарында мал қорымдарының құрылыстары басталды.

Зайсан – Жаңатұрмыс жолын орташа жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар Біржан, Сарытерек ауылдарының көшелерін орташа жөндеу мен Жамбыл, Қарабұлақ, Қаратал, Шілікті, Дайыр ауылдарының көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталды.

– Көгедай, Қарабұлақ, Дайыр, Шүршітсу ауылдарының су жүйелері ағымдағы жөндеулерден өтіп, Жалши, Сарытерек, Кеңсай, Жарсу, Қарабұлақ, Дайыр, Біржан, Айнабұлақ ауылдарының жарық шамдары ауыстырылып, абаттандырылды. Шілікті, Жалши және Жаңатұрмыс ауылдары үшін 230,4 млн. теңгеге 3 антенналық-діңгекті ғимарат салынып, базалық станцияларды антенна-діңгекті құрылыстарға қосу жұмыстары жүргізілуде. Ауданның 16 мектебінде жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз ету үшін «Starlink» жиынтығы орнатылған, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Жаңа әуежай – дамудың жаңа серпіні

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Зайсан ауданын ерекше атап, аймақтың туристік әлеуетін дұрыс пайдаланып, сапасы жоғары инфрақұрылымы бар әуежай салуға берген тапсырмасы шалғайдағы шекаралық аудан тұрғындары үшін әлеуметтік нысандарды жаңғырту мен инфрақұрылымды жаңалауда үлкен серпін болды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «басты мақсат – халықтың кетуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру» деген болатын.

Ауданда шекаралық елді мекендерге 23 ауыл кіреді, оның ішінде, стратегиялық елді мекендер Қосқора, Аққойын, Жалши, Шілікті, Кәкенталды, Қарасай.

Бүгінде ауданның шекаралық елді мекендерінде жағдай тұрақты, стратегиялық елді мекендерді дамытуға бағытталған жұмыстардың қарқыны жақсы.

Тарбағатайда басымдық білім саласында

Көршілес Зайсанмен ауылы аралас, қойы қоралас, «Омбы-Майқапшағай» халықаралық дәлізінің бойында жатқан Тарбағатай ауданында да дамудың тың серпіні анық байқалады. Жеке аудан статусын алғалы білім саласында біршама жобалар қарқынды жүзеге асырылуда.

Айталық, білім беру саласы бойынша 2024 жылы 1 млрд. 836 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылған. Ал биыл 2025 жылы 3,5 млрд теңге қаражатқа 14 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

– Атап айтқанда, 2023-2024 жылдары Шеңгелді ауылында 100 орындық, 2024 жылы Шолақорда ауылына 50 орындық, Тәуке ауылына 80 орындық жаңа мектептер салынып пайдалануға берілді. Сондай-ақ, шекаралық Маңырақ, Жаңаауыл, Жалаңаш, Қамысты ауылдарының мектептеріне, Ақжар ауылының «Балауса-Балғын» және Тұғыл ауылының «Жасұлан» балабақшасына, Жаңаауыл ауылының балабақшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бес мектептің, атап айтқанда, Тұрар Рысқұлов, Қыдырбек Билялов, Қабыкен Жарылғасынов, Ахмет Байтұрсынов атындағы білім шаңырақтарының және Ақмектеп орта мектебінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды, – деді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев бізге берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, Абай атындағы орта мектеп «Қазақстан халқына» қоры арқылы 250 млн теңге қаражатқа толықтай жабдықталды. Биыл шекарадағы шалғай жатқан Сарыөлең ауылына 50 орындық жаңа мектеп салынса, Ақжар ауылындағы Қыдырбек Билялов атындағы мектеп лицейдің жылу жүйесі мен жылыту қазандығы толығымен жөнделді.

Білім саласы бойынша 2025 жылы 3 млрд. 486,0 млн. теңге қаражатқа 14 жоба жоспарланған. Қазіргі күні 5 жобаға 91,4 млн.теңге бөлініп отыр.

Су – тіршілік көзі

Ауданда тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 3 жылдық жоспар жасалған. Нәтижесінде орталықтандырылған су жүйесін тұрғын үйлерге кіргізу және көше коланкаларын орнату арқылы 2027 жылы аудан тұрғындарын 100,0 пайыз толық таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

– 2023 жылы аудан бойынша су және кәріз жүйесі құрылыстарына 615,6 млн теңге қаражатқа 8 жоба жүзеге асыру басталған болатын. Сондай-ақ, Ақжар ауылының кәріз жүйесін қайта жаңғыртуға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында берілген 401,1 млн. теңге қаражаттың 2023 жылы 160,2 млн. теңгесі игеріліп, жеке тұрғын үйлерді орталық кәріз желісіне қосу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы жобаны толықтай аяқтауға 224,1 млн. теңге қаражат игерілді, – деді аудан әкімі Дархан Шомпайұлы.

Биылғы 2025 жылы шекарадағы Құйған және Жаңаауыл ауылдарының су құбыры желілері қайта жаңғыртылған. Асусай мен Шорға, Шеңгелді ауылдарына су құбыры желілерін тарту жұмыстары басталды.

Біздің бұл айтқандарымыз жоғарыда аталған шекаралық аудандардағы атқарылып жатқан ұланғайыр шаруалардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта ұдайы бөлісетін боламыз.

Ендеше шалғай ауылдар көркейер күн де алыс емес.



Дәурен Аллабергенұлы

Фото: Махаббат Ахметжанова 

























Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу