ШҚО-да шекаралық өңірлер өркендейді
Бүгінгі күні ШҚО-дағы ауылдық елді мекендерде халықтың 40 пайыздан астамы тұрып жатыр. Сондықтан ауылдағыларға жағдай туғызу, ауылды заманауи ауыл деңгейіне жеткізу – көңіл аударуды қажет ететін басты мәселе, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Биыл аудан орталықтары мен төртінші деңгейлі бюджетті игерген 100 ауылдық округте ауылдарды көріктендіруге бағытталған 180 жобаға 4,2 млрд. теңге бөлінді. Ауылдардағы аула алаңдары, саябақтар, демалыс аумақтары көріктендіріліп, көгалдандырылды, балалар ойындары, спорт алаңдары салынды.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ауылдардағы әлеуметтік нысандар қайта жаңғыртылып жатыр. Биыл төрт тірек ауылда – Глубокое кенті, Көкпекті, Күршім, Үржар ауылдарында жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгенің (оның ішінде 1,9 млрд. теңге республикалық бюджеттен) сегіз жобасы жүзеге асырылуда.
Күршім, Үржар ауылдарының көшелері орта жөндеуден өтті, Глубокое кентінде Мәдениет үйі, Көкпектіде денешынықтыру-сауықтыру кешені, Күршім, Үржар ауылдарында бассейн салынып жатыр. Жаңа нысандар 26,5 мың тұрғынға қызмет көрсетпек.2026 жылға дейін облыстың 116 тірек ауылын аймақтық стандарттар жетістігіне сай қамту көзделініп отыр.
Ауылдардың дамуына кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі де айтарлықтай. «Туған жер» арнайы жобасы бойынша 1,7 млрд. теңгенің 258 әлеуметтік жобасы, соның ішінде республикалық «Әлеуметтік бастамалар картасы» интерактивті платформасына енгізілген 162 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың арасында жалпы сомасы 558,5 млн. теңге болатын көпбалалы отбасыларына арналған 230 үй; облыс орталығындағы Менделеев көшесін қайта жаңғырту – 260 млн. теңге; Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы саябақ құрылысы – 20 млн. теңге; Курчатовтағы жабық бассейн құрылысы –117 млн. теңге, тағы да басқа нысандар бар.
Облыс басшысының айтуынша, қазіргі күні «Рухани жаңғыру» арнайы жобасы бойынша шекарада жатқан Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Үржар аудандарын дамытудың бес жылдық бағдарламасы әзірленуде. Бұл бағдарлама бойынша аталған аудандардың инфрақұрылымдары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім беру салалары дамытылып, жұмыс орындары ашылады.