Зайсан ауданы: тұрақты даму мен экономикалық серпін жолында
Зайсан ауданының 2025 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары аймақ экономикасының тұрақтылығын, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң өсім байқалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірқатар салаларда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Агроөнеркәсіп кешені – аудан экономикасының өзегі
Аудан экономикасының жетекші саласы – агроөнеркәсіптік кешен. Зайсан ежелден ауыл шаруашылығына бейім өңір болғанымен, соңғы жылдары мұнда өндіріс пен кәсіпкерлік қатар дамып келеді.
Ауыл шаруашылығы – біздің өңірдің тірегі. Шаруаларыдың еңбегімен аудан экономикасы тұрақты өсіп келеді. Әсіресе мал шаруашылығы мен егіншілік бағытында нақты нәтиже бар.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 20,4 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 5,4 млрд теңге, мал шаруашылығы – 15,1 млрд теңге. Бұл көрсеткіштер ауданның аграрлық бағытының тұрақтылығын және ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ете алатын әлеуетін айғақтайды.
Мал шаруашылығы аудандағы негізгі табыс көзі болып қалып отыр. Есепті кезеңде 8,9 мың тонна ет, 12,1 мың тонна сүт және 1,5 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ірі қара саны 90 мың басқа, қой мен ешкі 110 мың басқа, жылқы 58 мың басқа жетті. Мал тұқымын асылдандыру, сапаны арттыру, өнімділікті көбейту бағытында тұрақты жұмыстар атқарылып келеді.
Бүгінгі таңда тек мал санын арттыру емес, оның сапасын көтеру маңызды. Асыл тұқымды бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығында жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ауданда 2000 басқа арналған екі ірі бордақылау алаңы жұмыс істейді. Мұндай кешендер жергілікті ет өнімдерінің сапасын арттырып қана қоймай, ауданның экспорттық әлеуетін де ұлғайтуға мүмкіндік беруде.
Өсімдік шаруашылығында нәтижелі жыл
Аудандағы егіс алқабының жалпы көлемі 13,8 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар – 3,1 мың гектар, майлы дақылдар – 1330 гектар, картоп – 269 гектар, көкөніс пен бақша дақылдары – 352 гектар, жемшөп дақылдары – 8,8 мың гектарға егілді. Шаруалар күзгі жиын-терінді ойдағыдай аяқтап, мал азығының жеткілікті қорын жасады. Барлығы 216 мың тонна мал азығы дайындалды, оның ішінде 213 мың тоннасы шөп, 3 мың тоннасы құрама жем.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биылғы жиын-терін ойдағыдай өтті. Шаруаларыдың еңбегі мен ұйымшылдығының арқасында мал азығы жеткілікті көлемде дайындалды.
Заманауи агротехнологияларды енгізу мен техникалық базаны жаңарту арқылы өнімділік артып келеді. Биылғы жылы аудан шаруашылықтары 35 жаңа ауылшаруашылық техникасын сатып алды. Оның 30 бірлігі «ҚазАгроФинанс» арқылы 302,6 млн теңгеге лизингке, ал 5 трактор шаруа қожалықтарының өз қаражаты есебінен 41,7 млн теңгеге алынды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да тиімді жобалар жүзеге асырылуда. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында биыл 59,5 млн теңгеге бес жоба қаржыландырылды.
Өнеркәсіп саласында тұрақты өсім
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 2,3 млрд теңге, тау-кен өндірісі – 3,0 млрд теңге.
Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен қатар өндіріс саласын да дамыту. Жергілікті шикізатты өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі – экономиканың жаңа деңгейге шығуының кепілі.
Ауданда өндірілетін негізгі өнім түрлеріне пайдалы қазбаларды өндіру, тамақ өнімдерін шығару, электр энергиясын және жылу мен сумен қамтамасыз ету қызметтері кіреді. Өнеркәсіп өндірісінің негізгі көлемі «Тарбағатай-Мұнай», «Облшығысжол», «ARNNA MINERALS», «Шығыс АС», «СМУ-Шығыс» және «Зайсан құрылыс компаниясы» серіктестіктерінің еншісінде.
Инвестициялар мен құрылыс көлемі артты
Зайсан ауданының инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келеді. 2025 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 35,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 58,4 пайызға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар 32,2 млрд теңгені құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 21 млрд теңгеге жетіп, 9,2 пайыздық өсім көрсетті. 8548 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 34,8 пайызға артты.
Инвестиция – экономикалық дамудың қозғаушы күші. Біздің міндет – әрбір кәсіпкер мен инвесторға қолайлы жағдай жасау. Зайсан тек аграрлық аймақ емес, инвестиция салуға тартымды өңірге айналуы тиіс.
Кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа мүмкіндіктер
Ауданда 3947 шағын және орта бизнес субъектісі белсенді жұмыс істеуде. Биыл 105,6 млн теңге көлеміндегі төрт жоба субсидияланды, 68 млн теңгеге бір жобаға кепілдік берілді.
Кәсіпкерлер – жергілікті экономиканың тірегі. Олардың белсенділігі мен табандылығы ауданда жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде.
Бөлшек сауда айналымының көлемі 12,4 млрд теңгеге жетіп, 11,6 пайызға артты. Ауданда 327 сауда және қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 194 дүкен, 5 базар, 20 дәріхана, 13 наубайхана, 54 қоғамдық тамақтандыру орны бар.
Орташа айлық жалақы 306,6 мың теңгеге жетіп, өсім 12,7 пайызды құрады. 2025 жылға арналған аудан бюджетінің меншікті кірісі 3,4 млрд теңге болып түзетілді, тоғыз айда 2,9 млрд теңге нақты түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 29,4 пайызға жоғары.









