Зайсан ауданы: ауыл шаруашылығының әлеуеті мол
Фото: pexels.com
Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының маңызды тірегі. Зайсан ауданы да бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, өз әлеуетін көрсетіп келеді. Агроөнеркәсіптік кешен аудан экономикасының ажырамас бөлігі ретінде дамып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жетекші орындардың бірін иеленуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ресми деректерге сәйкес, Зайсан ауданы өзін пияз, жылқы еті және қызылша өндірісімен толық қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, қызанақ өндіру ауданның ішкі тұтынуынан 13 есе, сиыр еті – 8 есе, картоп пен қияр – 7 есе, бұрыш – 5 есе, сәбіз, қырыққабат және қой еті – 4 есе артық өндіріледі. Бұл деректер ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өнім көлемін қайта өңдеу саласына бағыттауға мүмкіндік беретінін айғақтайды.
Зайсан ауданында бұрыннан етті мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Мал шаруашылығы жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің 67,4%-ын құрайды, ал өсімдік шаруашылығының үлесі – 32,6%. Ауданда 89,7 мың бас ірі қара, 110,1 мың бас қой мен ешкі, 53,8 мың жылқы бар. Бұл көрсеткіштер Зайсанды облыстағы ірі ет өндірушілердің қатарына енгізеді.
Ағымдағы жылдың 9 айында аудан шаруашылықтарының барлық санаттарында 8,6 мың тонна ет өндірілді, бұл облыс көлемінің 7,7%-ын құрайды. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдары өздері 3 мың тонна ет өндіріп, облыстық көлемнен 3,9% үлеске ие болды. Ауданда 1000 басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді, алайда қазіргі жүктемесі небары 38%-ды құрайды. Бұл қуатты тиімді пайдалану қажеттігін көрсетеді.
Зайсан ауданында 3,7 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Бұл көрсеткіш Тарбағатай ауданындағы 5,1 мың шаруашылықпен салыстырғанда төмендеу. Алайда, бұл қосалқы шаруашылықтар әзірге тек өзін-өзі қамтып отыр. Мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – осы шаруашылықтарды кәсіпке тартып, өнімін нарыққа шығару.
Жоспарланған шаралар аясында бұл шаруашылықтар бірыңғай стандартқа сай өндіріс жүйесіне тартылып, өнімін өткізуге көмек көрсетіледі. Алғашқы нәтижелер келесі жылы көрінеді деп күтілуде.
Зайсан ауданының жалпы аумағы 1 миллион гектарды құрайды. Оның 620,3 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, ал 25,8 мың гектары егістік алқап ретінде пайдаланылады. Дегенмен, осы жердің тек 45,3%-ы ғана нақты егістікке айналған.
2022 жылы ауданда дәнді дақылдардың өнімділігі 16,5 центнер/гектарды құрады, бұл облыстық көрсеткіштен жоғары (15 ц/га). Биыл бұл көрсеткіш 16,9 ц/га деңгейінде күтілуде. Ал майлы дақылдар өнімділігі 15,3 ц/га деңгейінде болжануда, бұл облыстық орташа көрсеткіштен (20 ц/га) төмен.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл өңірде 5,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ауданда ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, туризм саласын жетілдіру және импортты алмастыратын қайта өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілді.
2023 жылы Зайсан ауданында жалпы сомасы 176,4 миллион теңгеге 32 несие берілді. Бұл қаражат етті және сүтті мал шаруашылығын, жылқы мен қой шаруашылығын, құс өсіру мен туризмді дамытуға бағытталды. Биыл 941,5 миллион теңгеге 167 несие беруге өтінім қабылданды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жер ресурстарын тиімді пайдалану қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Зайсан ауданында пайдаланылмай жатқан 24,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтару жоспары қойылған. Жыл басынан бері оның 17,8 мың гектары қайтарылды.
Зайсан ауданының ауыл шаруашылығы саласы әлеуетінің мол екенін көрсетіп отыр. Азық-түлік өнімдерін өндірудегі жоғары көрсеткіштер, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар ауданның агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеруде.
Алайда, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, жеке қосалқы шаруашылықтарды нарыққа тарту және жерді тиімді пайдалану мәселелері әлі де өзекті. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы мен жергілікті шаруалардың белсенділігі аудан экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз.