Ауыл шаруашылығы: Үлкен Нарын ШҚО бойынша екінші орында
Үлкен Нарын ауданының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Биыл бұл салада айтарлықтай серпіліс байқалды: жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,4 млрд теңгені құрап отыр. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 133 пайызға артық. Ал физикалық көлем индексі 112 пайызды көрсетіп, облыс бойынша екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ басшысының Үлкен Нарын өңіріндегі көшпелі отырысы барысында ауданда бес айда өндірілген өнім көлемі 3,2 млрд теңгеге жетуі ықтимал екендігі айтылды.
Көктемгі дала жұмыстары толығымен аяқталған. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 53 мың гектарға егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға көп. Оның ішінде:
• дәнді дақылдар – 17 мың гектар,
• майлы дақылдар – 23 мың гектар,
• мал азығы дақылдары – 12 мың гектарды құрайды.
Ауыл шаруашылығын қолдау бағытында да нақты қадамдар жасалған. Былтыр 118 шаруашылыққа 648 млн теңге көлемінде субсидия берілді:
• 78 шаруашылыққа – жаңа техника алуға 496 млн теңге,
• 40 шаруашылыққа – тыңайтқыш алуға 151 млн теңге бөлінді.
2024 жылғы көктемгі егіс науқаны үшін 117 ауыл шаруашылығы өндірушісіне 1694 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығының тұрақты дамып, тың серпінмен алға басып келе жатқанын көрсетеді.
Фото: Махаббат Ахметжанова





