Үлкен Нарын өнерпаздары ұлттық дәстүрді жаңғыртып, естен кетпес кеш сыйлады
Бүгін облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы аясында Үлкен Нарын ауданының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Altainews тілшісі.
Тұмса табиғаты мен тамыры терең тарихы үйлескен, баладан бабаға жалғасқан салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін баршаға паш ете келген үлкеннарындықтар құдды бір тайлы-тұяғы қалмай, Өскеменге көшіп келгендей әсер қалдырды бұл күні.
Алдымен Шығыс Қазақстан облыстық филармония фойесінде бүкіл аудан халқының жетістіктері мен ерекшеліктерін әйгілейтін, жергілікті шеберлердің қолөнерін насихаттауға және өңірдің туристік, мәдени әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған аудан қолөнершілерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Ауданның жетістіктерін облыстық әкімдіктен облыс әкімінің орынбасарлары Бақытжан Байахметов, Ербол Нұрғалиев, облыстық ішкі басқармасының басшысы Айдар Садырбаев және Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев халықпен бірге аралап көрді.
Гала концертті де тамашалаған мәртебелі меймандар ауданның шығармашылық ұжымының өнеріне, көрмені ұйымдастыру шеберліктеріне оң бағасын берді.
Келесі ретте аудандағы тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерінің экспозициясы да келушілер назарына ұсынылып, олар жайында толыққанды ақпараттар берілді.
Сонымен қатар үлкеннарындық еңбеккерлердің ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.
Мұнан соң өскемендіктер мен қала қонақтары облыстық филармонияның концерт залында Үлкен Нарын ауданы өнерпаздарының «Туған ел – алтын бесігім!» Нарын тартуы» атты бір жарым сағаттық гала-концертін тамашалады.
Шымылдық ашылып, басында «Туған Жер» әні шырқалуы (бейнеролик), 45 адамдық оркестрмен «Ертұран», «Биші қайың» күйлері орындалуы, қайта ашылғаннан бергі ауданның екі жылдық өмірі, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бейнеролик, вокалдық «Тыңда» тобы мен «Әлем шаңырақ» би тобының театрландырылған көріністері, «Алтай» би ансамблімен бірге Кенен атымыздың әйгілі «Көк шолақ» әні, әншілердің «Девочка, девушка, женщина» қойылымы, «Ертұран» балалар музыка мектебі оқушыларының билері, «Барабан ШОУ», «Әлем шаңырақ» тобының неон логотип би көріністері, барлық әртістер қосыла шырқаған «Үлкен Нарыным» әні бәрі-бәрі зал толы көрерменнің көңілінен шыққаны анық.
Кеш соңында осындай тамаша көңіл-күй сыйлап, ұлттық рухтың мәртебесін аспандатқан үлкеннарындық өнерпаздарға риясыз алғыс айтылып, сахна төріне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атынан ықылас гүлі әкелінді.
Үлкен Нарын ауданының мәдени күндері ертең де жалғасады.
Яғни, 1 қарашада, сағат 08:00-де Өскемен қаласындағы Жібек жолы даңғылы, 44 мекенжайындағы «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығы алаңында қолжетімді бағамен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Бұл жерде де ауданның майталман көркемөнерпаздары жәрмеңке бойы әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертеді. Бар өнерлерін өскемендіктер үшін ортаға салады.
Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар да өткізіледі. Атап айтсақ, әйелдер мен ерлер арасында қол күрес ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, мықтылар қой көтеріп, қымыз ішуден жарыс қызады. Ал шын мергендер садақ атып, мергендіктерін сынайды. Жеңімпаздардың барлығы да құр қайтпайды.
Қалай дегенменде, апта сайын аудан-қалалардың Өскеменге кезек- кезегімен көшіп келгендей болып, осындай мәдени де мазмұнды шараларды ұйымдастырып жатқаны – жұртшылықтың рухани жаңғыруға, елдік бірлікке, ұлттық серпіліске жасалған қадамының жарқын көрінісі екені даусыз.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Жібек Нұрахмет















