KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл

e-history.kz

2.11.2025, 11:30 397

2025 жылы қазақ халқының ұлы перзенті, ғалым, ағартушы, этнограф, тарихшы және саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – ұлттық ғылым мен мәдениеттің даму тарихындағы маңызды белес, деп хабарлайды Altainews.kz.

Шоқан Уәлиханов 1835 жылы қараша айында Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Ол – Абылай ханның тікелей ұрпағы, ұлт тарихындағы ерекше тұлға. Балалық шағынан ғылымға бейім болып өскен Шоқан Құсмұрындағы ауыл мектебінде, кейін Омбы кадет корпусында білім алды. Осы оқу орнында жүрген кезінде-ақ орыс және батыс ғалымдарының еңбектерімен танысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қойды.

Қысқа ғұмырында Шоқан Уәлиханов қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдебиетін терең зерттеп, әлемдік ғылымға зор үлес қосты. Оның еңбектерінде Орта Азия мен қазақ даласының географиясы, этнографиясы және халық ауыз әдебиеті кеңінен қамтылған.

Шоқан Уәлихановтың ғылыми өміріндегі ең елеулі кезеңдердің бірі – оның Қашқарияға жасаған сапары. 1858–1859 жылдары ол Ресей географиялық қоғамының тапсырмасымен Құлжа мен Қашқарға дейін жасырын ғылыми экспедицияға қатысып, бұл өңірдің тарихы, мәдениеті мен саяси жағдайы туралы құнды деректер жинады.

Сол уақытқа дейін Еуропа ғалымдары үшін жабық саналатын Қашқария өлкесіне барған Уәлиханов Батыс Қытай мен Шығыс Түркістан туралы алғаш ғылыми мәліметтер ұсынған зерттеушілердің бірі болды. Оның «Алтышар немесе Қытай провинцияларындағы алты қала туралы» еңбегі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, Шоқанның есімін әлемдік ғылымға танытты.

2025 жылы ғалымның 190 жылдығына орай еліміздің барлық өңірлерінде және халықаралық деңгейде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарында конференциялар, дөңгелек үстелдер мен көрмелер өтіп, ғалым мұрасына арналған экспедициялар жүзеге асуда.

Шоқан Уәлихановтың мұрасы – ұлт руханиятының сарқылмас қазынасы. Оның ағартушылық идеялары мен ғылыми көзқарастары бүгінгі жастарға үлгі болып, отансүйгіштікке және білімге ұмтылуға жетелейді.

Биылғы мерейтой – Шоқан Уәлиханов есімін ұлықтап, оның еңбегін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік беретін ерекше жыл.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу