Сарыөлеңнің бірлігі бекем, тірлігі тиянақты
Күршім ауданының Сарыөлең ауылдық округі бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша орны бар ауылдардың бірі болып отыр. Аудан орталығынан небәрі 15 шақырым жерде орналасқан бұл округ өзінің еңбекқор халқы, тұрақты өсімі мен қоғамдық белсенділігі арқылы дамып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда округ аумағына үш елді мекен – Сарыөлең, Барақ батыр және Бірлік ауылдары кіреді. Барлығы 1696 тұрғын, 429 үй бар. Оның ішінде Сарыөлең ауылында 1005, Барақ батырда 408, ал Бірлік ауылында 283 тұрғын бар. Бұл Сарыөлеңнің өңірдегі халқы ең тығыз орналасқан ауылдық округтердің бірі екенін көрсетеді.
Халықтың әлеуметтік құрылымына келсек, округ бойынша 266 зейнеткер бар. Олардың 123-і Сарыөлеңде, 102-сі Барақ батырда, 41-і Бірлік ауылында тұрады. Ұрпақтар сабақтастығының көрінісі ретінде округтің демографиялық құрылымында жастар мен егде жастағы адамдар арасындағы тепе-теңдік сақталған.
Округ әкімшілігінде барлығы 13 қызметкер еңбек етеді. Мемлекеттік қызмет көрсету саласы да айтарлықтай жетілдірілген, округ әкімінің аппаратында 19 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Осы жылдың тоғыз айында округ тұрғындарына 12 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұдан бөлек, «Өзі-өзіне қызмет көрсету бұрышы» ашылып, тұрғындардың электронды қызметтерге қолжетімділігі артқан. 370-ке жуық азамат осы бұрыш арқылы түрлі онлайн қызмет түрін алған. Бұл – ауылдағы цифрландыру үдерісінің нақты көрсеткіші. Тұрғындардың өтініш-арыздарына дер кезінде жауап беріледі. Биылғы тоғыз айда барлығы екі өтініш тіркеліп, толық қарастырылған. Сонымен қатар ауыл әкімі 43 тұрғынды жеке қабылдап, өзекті мәселелерді шешуге ықпал еткен.
Округте 43 көпбалалы отбасы бар, Сарыөлеңде – 24, Барақ батырда – 15, Бірлікте – 4. Бұл – ауылдағы демографиялық өсім мен жас ұрпақтың әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Екі отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Жұмыссыздықпен күрес те жүйелі жолға қойылған. Жыл басынан бері 12 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік белсенділігі артқан.
МАЛ АЗЫҒЫН АРТЫҒЫМЕН ӘЗІРЛЕПТІ
Осы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша Сарыөлең ауылдық округінде ірі қара 7702 бас, ұсақ мал 16 955 бас, жылқы 4074 бас, құс 614 бас болды. Биыл жайлауға жеті сиыр, жеті қой-ешкі және сегіз жылқы табыны ұйымдастырылды.
Ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 196 мың гектар. Оның ішінде 4750 гектар – егіндік, 1708 гектар – шабындық, 20 215 гектар – жайылым, 121 113 гектар – қосалқы жерлер, 13 091 гектар – елді мекен аумағы, ал суармалы алқаптар – 5962 гектар.
Ағымдағы жылы шаруашылықтар 15 мың тонна мал азығын дайындауды жоспарлаған еді, алайда бұл меже 120 пайызға артық орындалып, барлығы 18 мың тонна шөп пен азық қоры жиналды.
Есепті кезеңде 142 миллион теңге игеріліп, игерілмеген сома әрі 101 мың теңгені құрады, яғни қаражаттың орындалу деңгейі 99,9 пайызды көрсетті. Сонымен қатар салық түсімі де жоспардан асып түсті.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ЖІТІ КӨҢІЛ БӨЛІНГЕН
Ауылдық округтің әлеуметтік саласы жылдан-жылға дамып келеді. Тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуді жеті маман жүзеге асырады. Денсаулық сақтау саласы бойынша ауылда бірқатар оң өзгерістер байқалуда. «Денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық қызмет сапасын арттыру, алғашқы медициналық көмек көрсетуді жетілдіру бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Ай сайын тұрғындарға профилактикалық жұмыстар мен вакциналау шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі. Барлық вакцинация ата-аналардың келісімімен жүзеге асады. Қазір округте жұқпалы және созылмалы аурулар тіркелмеген. Бұл – тұрғындардың өмір салты мен дәрігерлердің жүйелі жұмысының айқын дәлелі. Ауылдағы фельдшерлік пункт құрал-жабдықтармен қамтылған, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында дәрігерлердің қатысуымен үгіт-насихат акциялары мен ақпараттық кездесулер өткізіліп тұрады.
Білім саласы да ерекше назарда. Мұнда үш мектеп жұмыс істейді – Сарыөлеңдегі Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп, Барақ батыр және Бірлік негізгі мектептері. Уәлиханов мектебі – округтің ең ірі білім ошағы. Сыйымдылығы 480 оқушыға арналған бұл мектепте бүгінде 1-11 сынып аралығында 168 бала білім алуда. Даярлық тобында – 15 оқушы. Барақ батыр мектебінде 81 оқушы, ал Бірлік мектебінде 34 оқушы бар. Бұл ауылдардағы мектептердің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып, оқу сапасы дамуда.
Білім ошақтары ауыл балаларына сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат тұтады. Биылғы оқу жылында Шоқан Уәлиханов атындағы Сарыөлең орта мектебін 21 түлек тәмамдады. Оның ішінде тоғыз оқушы жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы түссе, бес түлек колледжде тегін білім алуға мүмкіндік иеленді. Сондай-ақ төрт түлек жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылданып, бір түлек колледжге ақылы түрде оқуға түсті. Бұл көрсеткіш округ жастарының білімге деген талпынысы мен ата-аналардың оқу-білімге ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді.
Округте 267 жас бар. Олардың 26-сы – мектеп оқушысы, 86-сы – студент, 119-ы түрлі салада еңбек етеді. 36 жас өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Бұл – жастардың еңбекке деген бейімділігі мен өз кәсібін ашуға ұмтылысының айғағы. Жастар ауыл өміріне белсенді араласып, қоғамдық шараларға қатысады. Спорттық турнирлер, мәдени мерекелер мен волонтерлік қозғалыстар округтің қоғамдық өмірін жандандырып отыр.
СУ – ТІРШІЛІК КӨЗІ
Ауылдық округ әкімі С.Ақсартовтың айтуынша, Сарыөлең ауылында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Көмей» учаскесіндегі су бұрғыш дамбысы ағымдағы жөндеуден өткізілді. Бұл жұмысты ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Достық Қатанов өз қаражаты есебінен атқарды. Бұл – жергілікті кәсіпкерліктің ауыл дамуына қосқан нақты үлгісі.
Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы жанданып, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында округтегі екі ауылда жаңа үйлер пайдалануға берілген.
Сарыөлең ауылында қос пәтерлі бір үй және Жамбыл көшесінде бір пәтерлі төрт үй бой көтерсе, Барақ батыр ауылында қос пәтерлі және бір пәтерлі үйлер ел игілігіне тапсырылды. Бұл жас отбасылар мен ауылда жұмыс істейтін мамандар үшін үлкен қолдау болды.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ
Сарыөлеңдегі «Саят, Сұңғат» саябағында балаларға арналған баскетбол және волейбол алаңдары салынып, ойын алаңы толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар ауылға кіре берістегі №1 саябақ темір қоршаумен қоршалып, абаттандырылып, тұрғындардың тынығуына қолайлы жағдай жасалды.
Бірлік ауылында 50 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 30 тамыз күні есігін айқара ашты. Бұл – білім саласындағы маңызды жетістік.
Барақ батыр ауылында қысқы уақытта балаларға ойнауға арналған хоккей корты салынып, аяқталды. Сонымен қатар, Барақ батыр, Бірлік ауылдарының жанынан өтетін Қарабас каналының бойында орналасқан шлюз құрылымдары жөндеуден өтті.
Сарыөлең ауылындағы сегіз көшені орта жөндеуден өткізуге бюджеттік өтінім беріліп, қаржы бөлінуі күтілуде.
Ауылдық округтегі елді мекендердегі барлық көше жарықтандыру бағандары (556 дана) сырланып, ескі шамдары жаңа заманауи шамдарға ауыстырылып, ескірген желілері жаңартылған. Бұдан бөлек, Барақ батыр ауылында алты көше қиылысына жарық орнату үшін де бюджеттік тапсырыс берілген. Бірлік ауылындағы Абай көшесінің тозған электр желісі толық ауыстырылып, қазан айында іске қосылмақ.
ЭКОЛОГИЯ МЕН ТАЗАЛЫҚ
Ауылдық округте орналасқан мал өткелектері, мал қорымы және қатты қалдықтар төгетін орындар жаз мезгілінде үнемі тазартылып, санитарлық талаптарға сай ұсталып отыр.
Сарыөлең ауылындағы қатты қалдық төгетін орынды қоршауға қатысты барлық сметалық құжаттары дайын, қаражат бөлінуі күтілуде.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында мекемелер, ұйымдар және ауыл тұрғындары жаппай тазалық жұмыстарына белсенді атсалысып, ауыл келбетіне жан бітірді. Жиналған қалдықтар арнайы техникамен тиісті орындарға жеткізілді.
БАҒА ТҰРАҚТЫ
Округтегі жеті азық-түлік дүкенімен 2025 жылға арналған жаңа меморандум жасалып, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар бағасын көтермеу туралы келісімге қол жеткізілген.
Баға тұрақтылығы қатаң бақыланып, дүкендерде үстеме баға 15%-дан аспау талап етілуде. Қазіргі таңда нан бағасы орташа есеппен 185 теңге.
Сарыөлең ауылдық округіндегі бұл бастамалар – тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты істер. Ауылдық округ әкімдігі мен тұрғындардың бірлескен еңбегі елді мекендердің жаңаруына жол ашып отыр.
БӘЙГЕТӨБЕДЕН АДАМ АРЫЛМАЙДЫ
Сарыөлең округінде ұлттық спорт түрлерін дәріптеу де ұмыт қалмаған. Ауыл маңындағы Бәйгетөбе атшабары бүгінде ат спортының орталығына айналған. Мұнда аудан әкімінің бекіткен кестесіне сай, жүйелі түрде бәйге, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық жарыстар өткізіліп тұрады. Бұл тек спорт емес, елдің рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін игі дәстүрге айналды.
Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әрқашан басты назарда. Жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өзара тығыз байланысы нәтижесінде округ аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Тұрғындардың мүлкін қорғау, көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау бойынша бірқатар алдын алу шаралары ұйымдастырылып, ауыл жастары арасында құқықтық мәдениетті арттыруға арналған түсіндіру кездесулері өткізіледі.
Округ әкімінің бастамасымен өткізілетін тұрғындармен кездесулерде елді мекендердегі өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылады.
Қыстың қарсаңында округке қарасты барлық мекемелердің жылыту жүйелері мен қазандықтарының дайындығы толық тексеріліп, қажетті көмір мен отын қоры жеткізілген.
Алдағы уақытта да округ тұрғындары еселі еңбек етіп, Күршім ауданының өркендеуіне өз үлесін қоса берері сөзсіз.
Ержан ӘБІШ
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ