«Шығыс жұмыскер» бағдарламасы арқылы 19 коммуналдық сала қызметкері баспаналы болады
Биыл Шығыс Қазақстан облысында жеңілдетілген ипотекалық «Шығыс жұмыскер» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл бастама өңірде коммуналдық сала қызметкерлерін қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ретінде ерекшеленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған бағдарлама алғаш рет өткен жылы пилоттық режимде іске қосылып, 2024 жылы жылу энергетикасы саласының 17 қызметкері жеңілдетілген шарттармен баспана иесі болған еді. Биыл бағдарлама аясында қамтылған мамандықтар мен қатысушылар саны артты.
Бағдарлама бірнеше кезең бойынша өткізілді. Маусым айындағы алғашқы кезеңде жылумен, сумен қамтамасыз ету, су бұру және қоқыс шығару қызметін көрсететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың 20 қызметкерінен өтінім қабылданған. Комиссия шешімімен еңбек өтілі, бала саны, мүгедектік жағдайы және тұрғын үй кезегіндегі мәртебесіне қарай ең жоғары ұпай жинаған 10 қызметкер баспана иесі атанды.
Қазан айында бағдарлама келесі кезеңін жалғастырып, жылумен және сумен қамтамасыз ету салаларында қызмет ететін коммуналдық кәсіпорындар мен табиғи монополия субъектілерінің қызметкерлерін қолдауға бағытталды.
Комиссия шешімімен негізгі және резервтік тізімдер жасалып, қатысушылар «Отбасы банк» арқылы төлем қабілеттілігін растағаннан кейін 30 күн ішінде өздеріне қолайлы тұрғын үйді таңдап, сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Ал «Отбасы банк» өкілдері несие шарттарының қолайлылығын атап өтті.
Қуаныш Рахметоллаұлы



