KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
507.05 594.82 6.51

ШҚО-да «Шығыс жұмыскер» ипотекалық бағдарламасының алғашқы қатысушылары анықталды

24.07.2025, 08:30 239 Әбішев Ержан

Шығыс Қазақстан облысында халыққа аса маңызды қызметтер көрсететін коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерін қолдауға арналған «Шығыс жұмыскер» өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы жүзеге аса бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 26 маусым мен 11 шілде аралығында өңірдегі 20 коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлерінен өтінімдер қабылданды. Өтінімдерді Еңбек және тарифтік-біліктілік анықтамасы негізінде іріктелген, аса қажет әрі тапшы 39 мамандық иелері бере алды. Бағдарлама «Отбасы банкпен» жасалған әріптестік келісім аясында іске асуда.
Қатысушылар конкурстық негізде іріктелді. Құжаттарды әділ әрі ашық қарау мақсатында құрамында «Amanat» партиясының облыстық филиалы, мәслихат депутаттары, еңбек инспекциясы, кәсіподақ өкілдері және «Отбасы банк» мамандары бар арнайы комиссия құрылды.

– Президенттің осы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы – өте маңызды бастама. Осымен екінші жыл қатарынан осындай қолдау бағдарламасының жүзеге асуы – сала қызметкерлері үшін үлкен ынталандыру, – деді кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының ШҚО филиалы төрайымы Галина Казанцева.

Комиссия отырысы 23 шілдеде өтті. Онда үміткерлерге әлеуметтік маңызы бар бірнеше критерий бойынша баллдық баға берілді. Мәселен, еңбек өтілі, бірге тұратын балалардың саны, І-ІІІ топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелерінің болуы, сондай-ақ «жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұруы есепке алынды.
Отырыс барысында 20 өтінім қаралып, соның ішінен 10 үміткер жоғары балл жинап, бағдарламаға қатысу құқығына ие болды.

– Бұл бағдарлама – жұмысшы мамандық иелеріне берілген нақты қолдау шарасының жарқын мысалы, – деді облыстық мәслихат депутаты Марина Быкова.

Негізгі тізімнен бөлек, комиссия отырысында резервтік тізім де жасалды. Егер негізгі тізімдегі үміткерлердің бірі қандай да бір себеппен бағдарламаға қатыса алмаса, оның орнына резервтегі азамат қосылады.
Келесі кезең – «Отбасы банкінде» төлем қабілеттілігін растау. Егер оң шешім шықса, қатысушыларға жеңілдетілген шартпен тұрғын үй несиелері беріледі.
Бағдарлама шарттары:    
- несиенің ең жоғарғы сомасы – 20 млн теңге;
- бастапқы жарна – 10%;
- сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%;
- мерзімі – 19 жылға дейін.
Несиені мақұлдаған күннен бастап, азаматқа қолайлы тұрғын үйді таңдауға 30 күн беріледі. Егер негізгі тізімдегі қатысушы банк талаптарына сай келмесе, оның орнына резервтегі үміткер өтеді.
Энергетика басқармасының мәліметінше, «Шығыс жұмыскер» – бұған дейін жүзеге асқан «Шығыс маманы» бағдарламасының жалғасы. Мәселен, 2024 жылы осы бастама арқылы жылу энергетикасы саласының 17 маманы жеңілдетілген шартпен баспаналы болды.
Ағымдағы кезеңде өтінім берген кәсіпорын қызметкерлері: «Шығыс Жылу» АҚ – 15 адам, «Өскемен Водоканал» АҚ – 4 адам, «Шығыс су қоймалары» ШЖҚ КМК – 1 адам.
Олардың ішінде екі өтінімге қатысты нақтылау қажет мәселелер комиссияда талқыланды.
Мұндай қолдау шаралары тек тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, коммуналдық саладағы білікті кадрлардың тұрақтауына жол ашып, өмірлік маңызы бар инфрақұрылым жұмысының тұрақты болуына септеседі.

Дамир Омаров
Фото/видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу