KZ
Өскемен
-8°
ясно жел 1 м/с, С
504.76 593.8 6.5

«Шығыс маманы» жобасы: 7 қызметкер баспаналы болды

шартты сурет: depositphotos.com

25.06.2024, 18:43 393 Қызырбек Дүргінбайұлы

Шығыс Қазақстан облысында жылу энергетикасы саласының қызметкерлерін қолдауға және ынталандыруға бағытталған «Шығыс маманы» жеңілдікті ипотекалық бағдарламасы сәтті іске асырылуда. Қазіргі уақытта аталмыш саланың 15 қызметкері «Отбасы Банк» АҚ-ға жолдама алса, 45 қатысушы резервтік тізімге енгізілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл жоба биыл аймақта алғаш рет пилоттық режимде жүзеге асырылып отыр. Жобаны іске асыру жөніндегі іс-қимыл алгоритміне сәйкес, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы ағымдағы жылдың 15-30 сәуір аралығында «Отбасы банк» АҚ өңірлік бағдарламасы шеңберінде жылу энергетикасы саласының 50 қызметкерінен өтінім қабылдаған. Өтінім бергендердің арасында 34 мамандық иесі бар. Оларды іріктеу барысында өңірдегі кадр тапшылығы мен сұраныс жоғары маман иелеріне қолдау көрсету қағидасы негізіге алынып, өтінімдерді объективті және жан-жақты қарау үшін арнайы комиссия құрылған. Комиссия құрамына «Amanat» партиясының, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының, ШҚО кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының және «Отбасы Банк» АҚ облыстық филиалының өкілдері қатысты.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жұмыс өтіліне, бірге тұратын балалардың санына, отбасында мүгедектіктігі бар адамдардың болуына/болмауына, «жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұруына және бұдан өзге де критерийлер бойынша ең жоғары балл жинаған өтінім берушілер жолдамаға қол жеткізді.

Оларға осы жылдың 30 мамырынан бастап «Отбасы Банк» АҚ-на төлем қабілеттілігін растау және тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті кредиттер беру үшін жолдамалар берілді.

Бүгінде «Отбасы Банк» АҚ-ға жолдама алған он бес қатысушының жетеуі бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алса, бес қатысушының өтінімі мақұлданды. Ал қалған үш қатысушы банкке өтінім беру үшін   құжаттар дайындап жатыр.

«Шығыс маманы» бағдарламасы арқылы баспаналы болғандардың бірі аталмыш салада 15 жыл тер төккен Дулат Ермекұлы. Ол қазіргі уақытта Глубокое ауданында жұмыс істейді.

– Биыл «Шығыс маманы» жобасы бойынша үй алуға өтініш беріп, 4 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Екі ұл, бір қыз тәрбилеп отырмыз. Отбасым өте қуанышты. Осы игілікке куә болған әріптестерімнің де жұмысқа деген ынта-жігері арта түскендей, – дейді Дулат Ермекұлы.

Бағдарлама бойынша қарыздың ең жоғары мөлшері 20,0 млн теңге, несиелеудің ең жоғары мерзімі 19 жыл екенін естеріңізге сала кетейік.

Атап өткеніміздей, «Шығыс маманы» бағдарламасы биыл пилоттық режимде іске асырылуда. Қаржыландыру мәселесі бір жақты болса, жоба келесі жылы да жалғасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу