Швейцариялық компания инвестициясымен Шығыс Қазақстанда агроөндіріс жобасын іске асырады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде салаға ірі инвестициялар тартылуда. Швейцариялық Harvest Agro компаниясы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға $700 млн-нан астам қаражат салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның бас директоры Дәулет Увашев KGIR-2025 алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Harvest Agro 2022 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Қазірдің өзінде жер телімдері мен элеваторлар сатып алынып, жобаның алғашқы кезеңі Қызылорда облысында бастау алған. Онда 20 мың гектар аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсірілуде.
Компанияның жоспарында еліміздің сегіз-тоғыз облысында, соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында, жалпы 300 мың гектарға жуық жер телімінде баламалы суару әдісін енгізе отырып игеру бар.
Екінші кезеңде, 2026 жылдан бастап, Harvest Agro Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу зауыттарын салуды, сондай-ақ 50 мың гектар жерді игеруді көздеп отыр. Бұл ретте компания таза суды емес, қайта өңдеуге жататын шикізатты қолдануды көздейді.
Шығыс Қазақстан облысында жобаның басты бағыты – соя, жүгері және техникалық қарасораны өсіру және одан алынған шикізатты терең өңдеу. Кәсіпорын өнімнің бір бөлігін өңірдің ішкі нарығына жеткізуді, ал қалғанын экспортқа бағыттауды жоспарлап отыр.
Harvest Agro компаниясы жобаларды іске асыру барысында Kazakh Invest және облыстардың әкімдіктерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Меморандумдарға қол қойылып, бизнес-жоспарлар мен қаржылық модельдер дайындалған
Бұл бастама Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңірде терең қайта өңдеу өндірісін дамытуға, сондай-ақ инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.