Шығыстың бас шаһарында аспалы трамвай жүретін болады
Өскемендегі аспалы арқан жолды қай компания салатыны анықтады. Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен швейцариялық Bartholet компаниясы арасында меморандумға қол қойылды.
Жоспар бойынша құрылыстың алғашқы кезеңі 2026 жылы басталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоба авторлары қала ішінен қолайлы орындарды қарастырып қойыпты. Болашақта аспалы трамвай ADK River сауда орталығынан облыстық драма театр аумағына дейін қатынайтын болады. Жаңа көлік түрі екі жағалау арасындағы қозғалысты едәуір жеңілдетіп, кептелісті азайтады.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев атап өткендей, бұл жобаны іске асыру өңірде туризмді дамытуға тың серпін беріп, облыс экономикасына қосымша инвестиция тартуға септігін тигізбек.
Бірінші кезеңде қала ішіне орнатылатын болса, екінші кезеңде туристік бағыт қамтылмақ. Яғни осындай арқан жолды Қазақстан тауы бағытында да орнату жоспарланған.
Құрылыстың қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Алайда Әбіл Донбаев өз сөзінде Bartholet Maschinenbau AG компаниясы басқа қалаларда сегіз ай ішінде өз жобаларын табысты жүзеге асырғанын атап өтті.
Фото: Махаббат Ахметжанова