Еліміздегі ең ірі он банктің үшеуінде депозит көлемі қысқарған
depositphotos.com
Қазан айының басында қазақстандық банктердегі халық пен бизнестің депозиттері 45,7 трлн теңгеге жетті. Бір ай ішінде олардың көлемі 964 млрд теңгеге өскен. Алайда, еліміздегі ең ірі он банктің үшеуінде қыркүйек айында жалпы депозит көлемі қысқарған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы мәліметтерді Ұлттық банк ұсынды. Ай сайынғы жиынтық депозит көлемінің төмендеуі Kaspi Bank (-146 млрд теңге, 7,2 трлн теңгеге дейін), ЦентрКредит Банкі (-83 млрд теңге, 5,8 трлн теңгеге дейін) және Еуразиялық банк (-38 млрд теңге, 2 трлн теңгеге дейін) сынды үш ірі банкте тіркелді. Барлық жағдайда депозиттердің азаюына бизнестің қаржы алу операциялары себеп болды.
Халық депозиттері
Қыркүйек айында халықтың депозиттері 353,6 млрд теңгеге өсіп, 26,5 трлн теңгеге жетті. Ең ірі банктердің арасында депозит көлемі Bank RBK (-1,9 млрд теңге) және Bereke Bank (-1,8 млрд теңге) банктерінде аздап қысқарған .
Ал халық депозиттері бойынша өсім көрсеткен банктер қатарында:
Halyk Bank – +149,7 млрд теңге (7,5 трлн теңгеге дейін);
ЦентрКредит Банкі– +50,4 млрд теңге (3 трлн теңгеге дейін);
Kaspi Bank – +45 млрд теңге (6,6 трлн теңгеге дейін);
Отбасы банк – +37 млрд теңге (2,7 трлн теңгеге дейін);
Freedom Bank – +30 млрд теңге (785 млрд теңгеге дейін).
Бизнес депозиттері
Қыркүйекте заңды тұлғалардың депозиттері банктерде 610,8 млрд теңгеге өсіп, 19,2 трлн теңгеге жетті. Бұл — тамыздағы көрсеткіштен 3,8 есе көп (сол кезде өсім 159,5 млрд теңге болған). Дегенмен, ай қорытындысы бойынша үш ірі банкте бизнес депозиттерінің азайғаны байқалды:
Kaspi Bank – -191,5 млрд теңге;
ЦентрКредит Банкі – -133 млрд теңге;
Еуразиялық банк – -44 млрд теңге.
Заңды тұлғалардың депозит өсімі бойынша үздік бес банк:
Halyk Bank – +336 млрд теңге (6,3 трлн теңгеге дейін);
ForteBank – +222 млрд теңге (2,2 трлн теңгеге дейін);
Bank RBK – +106 млрд теңге (956 млрд теңгеге дейін);
Alatau City Bank – +62 млрд теңге (909 млрд теңгеге дейін);
Отбасы банк – +46 млрд теңге (292,5 млрд теңгеге дейін).
Айжанат Бақытқызы