KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз жүргізді

12.11.2025, 18:30 167 Базарова Айгүл

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жасаған мемлекеттік сапары аясында Владимир Путинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы көрсетілген ерекше қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау басты міндет екенін баса айтты.

 

– Владимир Владимирович, Сізге алғысым шексіз. Ерекше қонақжайлығыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Ресей тарапы сапарды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін көрдік. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады. Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді. Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады. Білім саласындағы ықпалдастығымызды атап өткім келеді. Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, Ресей Президентін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер екенін, биыл 9 айда сауда айналымы 20 миллиард долларға жеткендігін тілге тиек етті. 

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізді Мәскеуде, Кремль сарайында қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бүгін Мәскеуге Үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз, - деді Владимир Путин.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ықпалдастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды.

Жалпы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары маңызды тарихи және саяси оқиғаларға толы болды. Сапардың екінші күні Мемлекет басшысы Мәскеудегі Александр бағында орналасқан «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Салтанатты рәсім барысында бір минут үнсіздік жарияланып, оркестр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады. Кейін Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан сап түзеп өтті.

Президент осы рәсім арқылы Ұлы Жеңіс жолында жанқиярлықпен күрескен ата-бабалар рухына тағзым етті. Қазақстан халқы Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісіне зор үлес қосқан. Майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Бес жүзден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанған еді.

Сапар аясында Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын Қазақстан мен Ресей арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа белесі деп атады.

Валентина Матвиенко өз кезегінде Мемлекет басшысына жылы лебізін білдіріп, Қазақстан Президентінің сапарына Ресей тарапынан үлкен дайындық жүргізілгенін айтты.

– Сіздің сапарыңызға өте үлкен дайындық жүргізілгенін білемін. Мазмұнды бағдарлама мен мемлекетаралық құжаттар пакеті әзірленді. Бүгін бұл құжаттарға мемлекеттер басшылары қол қояды. Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің “Российская газета” басылымындағы мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына қатысты тұстарына алып-қосарым жоқ. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихы, бүгіні және болашағы жайында өте терең толғам жасағансыз, – деді Ресей Федерация Кеңесінің Төрағасы.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейде жасалған келісімдерге заңнамалық тұрғыдан сапалы қолдау көрсетудің және екі ел парламенттерінің күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық және парламентаралық қарым-қатынасқа арналған фотокөрмені тамашалады.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу