Бейбіт атом: Қазақстанның энергетикалық болашағы
depositphotos.com
Елімізде жылу электр орталықтарының ескіргенін көз көрді. Қаңтардың қытымыр аязында тозығы жеткен Екібастұз қаласы мен Шығыстағы Риддер шаһарындағы жылу жүйелері істен шығып, салдарынан жергілікті тұрғындар жылусыз қалғаны әлі есімізде. Ал елдегі ЖЭО-лардың барлығы кеңес заманында салынғандықтан, олардың ескіргені айтпасақ та түсінікті. Бүкіл Қазақстандағы жылу көздерін жаңалау қыруар қаржыны қажет етеді. Сонымен қатар қуат көзін тұтыну жыл сайын артып келе жатқаны тағы бар. Мәселен, сарапшылардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай тұтыну көлемі 136 млрд кВт/сағатқа, ал 2050 жылы 172 млрд кВт/сағатқа жетпек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экономика дамып, технология көзі кең қанат жая бастаған кезде энергияны кең көлемде қажет ететіні анық. Демек, балама қуат көзі қажет. Сондықтан елдегі энергетикалық инфрақұрылымның әбден ескіргенін ескерген Президент бір жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбатында Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор екенін атап өтті.
Қазақ халқының радиофобиясы — үрей мен күдік
Иә, атом электр станциясы дегенде Қазақстан халқының үреймен қарайтыны түсінікті. Себеп те жоқ емес. Семей өлкесінде жүргізілген сынақ полигонынан қырық жыл бойы жеріміз уланды, миллиондаған адам зардап шекті. Хиросима мен Нагасаки, 1986 жылғы Чернобыль және Жапониядағы Фукусима атом электр станцияларындағы апаттар да ел есінде.
Атомның қауіпті жағын ғана айтып келеміз. Ал энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін және бейбіт мақсатта қолданғанда қуаттың қайнар көзі бола алатынын біле бермейміз. «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-та атом саласы бойынша білім алған, бүгінде ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов радиофобиядан арылу қажет екендігін айтады.
Сарапшылар пікірі — бейбіт атомның артықшылығы
Қазақстан бейбіт атомды қолданысқа енгізу бағытында бірқатар қадамдар жасауда. Сондықтан мамандар бейбіт мақсатта қолданылатын атом өндірісінен қорқудың қажеті жоқ дейді.
Экономика қарыштап дамыған сайын қуат көзіне деген сұраныс та арта түспек. Осы ретте АЭС салу елдегі энергия жүйесіне де серпін беретіні анық. Бүгінде атом энергиясы әлемде медицинада, құрылыс саласында, өндірісте, ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылып келеді. Ақиқатын айтсақ, адамзат болашағын атом энергетикасынсыз елестету мүмкін емес.
Атом электр станциясының қоршаған ортаға әсері туралы да түрлі пікірлер айтылуда. Қазіргі таңда Қазақстан энергия көздерінің 70 пайызын көмірден, 20 пайызын газдан алады. Сол себепті ЖЭО-лар шығаратын зиянды қалдықтар қоршаған ортаға айтарлықтай кері әсер етуде. Экологиялық сарапшы Райхан Бейсенованың айтуынша:
Қазақстанның әлеуеті — уран мен мамандар
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин елімізде АЭС-ке қажетті отын қоры жеткілікті екендігін де жеткізіп отыр.
Сондай-ақ, Ұлттық ядролық орталық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу аясында тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, АЭС салу жөніндегі дайындыққа ғылыми-техникалық қолдау көрсетіп келеді.
Ал Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша екенін ерекше айтып өтті.
Әлемдік тәжірибе: атом — болашақ энергиясы
Қазіргі таңда әлемде 500-ге тарта ядролық реактор жұмыс істеп тұр, тағы 100-ге жуық жаңа реакторды іске қосу жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде АҚШ, Франция, Жапония сияқты мемлекеттер атом энергиясын өндіруде көш бастап келеді.
Әлемдік нарықта мұнай мен газ бағасының жылдан-жылға қымбаттауы және бұл ресурстардың сарқыла бастауы адамзатты тиімді қуат көздерін іздеуге мәжбүрлеуде. Осы жолда жаһандық экономика баламалы энергия көздерінен гөрі тиімдірек саналатын атом энергетикасына басымдық беріп отыр.
Демек, атомды бейбіт мақсатта тиімді пайдалану елдің дамуы мен өркендеуіне жол ашатын үлкен мүмкіндік. Сарапшылардың пікірінше, бізде энергияның балама көздерін дамыту үшін шикізат та, кадр да, сақтайтын инфрақұрылым да жеткілікті.
Алдағы міндет – атомды қырып-жою құралы емес, бейбіт мақсатта қолданудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру. Осы жолда ізденіс көп. Қазақ халқы енді бейбіт атомның пайдасы мен игілігін көруге толық құқылы.
Қуаныш Рахметоллаұлы