ШҚО-да жаңа жылу электр орталығы салынады

фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысында жаңа жылу электр орталығы (ЖЭО) салынады. Бұл туралы бүгін мәслихат сессиясында өңір басшысы Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Үкіметтің қолдауымен Риддер ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа 7,5 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінде жабдықтардың тозуы 17,2%-ға және жылу желілерінің тозуы 3,5%-ғ төмендеді. Жөндеу жұмыстарынан кейін жылу орталығында апат болған жоқ.
Биыл Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жалғасады. 8,5 млрд теңге бөлінген. 18,9 км жылу желілерін жаңғырту жоспарда бар. Бұл жұмыс орындалса, жабдықтың тозуы тағы 17,5%-ға төмендейді.
Энергетика министрлігімен және «Самұрық-Энерго» АҚ-мен бірлесіп Өскеменде жаңа ЖЭО салу жобасын іске асыру басталды. Нысан салынатын жер учаскесі анықталған. Қазір техникалық құжаттама әзірленіп жатыр.
ЖЭО салу өңірді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жаңа жылу көзі тозығы жеткен бес қазандықты жабуға, 15 мыңнан астам жер үйді орталық жүйеге қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы, экономика салалары мен қала инфрақұрылымының нақты секторын дамытуға серпін береді. Жоба жүзеге асқан соң, жаңа жұмыс орындары да ашылады.