ШҚО құтқарушылары арқан тартудан өткен сайыста топ жарды
Өскеменде күш құрылымдары арасында дәстүрлі спартакиада жалғасып, оның кезекті кезеңі — арқан тарту сайысы ерекше тартысқа толы өтті. Бұл жолы жарыс жолына 7 команда шығып, күш пен әдісті, бірлік пен жігерді сынға салды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бәсеке барысында қатысушылардың әрқайсысы мықты дайындықтары мен табандылықтарын танытты. Әсіресе, жарыстың шешуші сәттері қызыққа толы болып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары қарсыластарын шаң қаптырып, бірінші орынды қанжығасына байлады. Бұл жеңіс — олардың кәсіби шеберлігінің, спорттық дайындығының һәм мақсатқа деген беріктігінің жарқын көрінісі.
Мамандардың айтуынша, мұндай сайыстар ұлттық дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, ұжымдық рухты күшейтіп, патриоттық сана-сезімді қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сол себепті спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар да, көрермендер де ерекше ынтамен атсалысуда.
Фото: ШҚО ТЖД



