Өскеменде армиялық қоян-қолтық ұрысынан жарыс өтті
«Шығыс» өңірлік әскерилер қолбасшысының кубогына арналған армиялық қоян-қолтық ұрысынан жарыс өтті. Өскемен гарнизоны спорт кешенінде шығыс шебін қорғап тұрған әскери бөлімдер арасында қоян-қолтық ұрыстан кілең мықтылар сайысқа түсті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл додаға офицерлер, сержанттар және мерзімді әскери қызметшілер белсенді түрде қатысты. «Шығыс» өңірлік әскерилер қолбасшысының кубогы үшін жалпы саны 100-ге жуық әскери қызметшіден тұратын 12 команда таласты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дүбірлі сайыста сынға түскен жауынгерлер жоғары дайындықпен келгенін алғашқы жекпе-жектерден-ақ көрсетті. Жарысқа қатысушылардың дене дайындығы мен шеберлігі жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн.
Сайыстың іріктеу кезеңінен бастап ақтық сынға дейінгі жекпе-жектердің барлығы тартысқа толы болды. Түрлі салмақ дәрежесінде сынға түскен әрбір жауынгер нағыз бабында екенін көрсетті. Бұл жарыс әскери қызметшілердің шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік берді.
Армиялық қоян-қолтық ұрыс әрбір әскери қызметшіні даярлаудың негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Жақын шайқаста атыс қаруын немесе басқа қару түрлерін қолдану мүмкін болмаған жағдайда, әскери қызметші әртүрлі жауынгерлік және спорттық әдістерді қолдана білуі керек. Дәл осы әдістер қоян-қолтық ұрыстың негізін құрайды.
Жарыс нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды 27943 әскери бөлімі иеленді. Екінші орын 30217 әскери бөліміне бұйырса, үшінші орынды 44736 әскери бөлімі қанжығасына байлады.
Дереккөз, фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі