Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Қазақстан мен Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысының және екі ел арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесі бойынша Бірлескен мәлімдемелер қабылдап, БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Атап айтқанда:
1. Жоғары мемлекетаралық кеңестің Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшыларының кеңесін құру туралы шешімі;
2. Жоғары мемлекетаралық кеңестің геология және сирек кездесетін металдарды өндіру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешімі;
3. Жоғары мемлекетаралық кеңестің трансшекаралық өзендердің су деңгейін болжау бойынша екіжақты жұмыс тобын құру туралы шешімі;
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевке және барша өзбек ағайынға қазақ делегациясына қонақжайлық көрсетіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты.
– Қазақ пен өзбек – бауырлас халықтар, ежелден еншісі бір тату көршілер. Қос халықтың болмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ділі мен тілі – ұқсас, тарихы – тамырлас. Осы қастерлі құндылықтардың арқасында қарым-қатынасымыз бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі сындарлы әрі белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келе жатыр. Өнеркәсіп саласында әлеуеті зор инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Аймақтық деңгейдегі бірлескен іс-әрекеттерді дамытуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз. Бұған қоса, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да тереңдей түсті. Осы сапарымның басты мақсаты – бауырлас халықтар арасындағы достық пен тату көршілікті бекемдеу, сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа жолдарын ашу, түптеп келгенде, қазақ-өзбек қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеру, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі уағдаластықтар екі елдің ұлттық мүдделеріне сай келеді әрі халықтарымыз арасындағы мызғымас достықты, тату көршілікті, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты көрсетеді.
– Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру міндетім деп санаймын. Кейбір сарапшысымақтар айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас та, бәсекелес те емес, керісінше, өркендеу жолында тізе қосып, қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас. Халықтарымыз бір-бірін шынайы құрмет тұтатын жақын бауырлар, достар, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеруге және әлемнің Орталық Азияны достық пен бірліктің аймағы ретінде тануына үлкен үлес қосқанын атап өтті.
– Президент Мирзиёевтің қуатты басшылығымен Өзбекстан көптеген салада тамаша жетістіктерге жетті, дүние жүзіне табысты дамып келе жатқан ел ретінде танылды. Ауқымды реформалардың нәтижесі орнықты экономикалық өсімнен, халықтың әл-ауқатының артуынан, қалалардағы қарқынды өзгерістерден және қоғамның барлық бағытындағы сапалы дамудан көрінеді. Өзбекстан әлемдік аренадағы өзінің орнын нығайтып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты. Қазақстандықтар бауырлас өзбек халқына шынайы қолдау көрсетіп, жетістіктеріне қуанады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Өзбекстан тұтас аймақтың дамуын көздейтін өңірлік берік стратегиялық альянс қалыптастырғанын айтты. Сондай-ақ келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, елдеріміздің сан қырлы ықпалдастығын одан әрі дамытудың басымдықтары белгіленгеніне тоқталды.
– Негізгі қорытынды – өзара уағдаластықтар және стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайту мен тереңдетуге күш салу. Ортақ мақсатқа қол жеткізуде екіжақты сауданың орны ерекше. Кейінгі кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы көлемі тұрақты түрде 4 миллиард доллардан аса қаржыны құрайды. Бұл – үкіметтеріміздің дәйекті жұмысы мен бизнестің тікелей диалогының нәтижесі. Дегенмен сауда-саттықты арттыруға әлі де айтарлықтай әлеует бар, – деді ол.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп, автокөлік шығару, құрылыс секторы, энергетика салаларында соңғы жылдары айтарлықтай табысқа қол жеткенін атап өтіп, тараптар бұл бағыттағы ынтымақтастықты кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстарын жалғастыруға келіскеніне тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайту басым міндет ретінде белгіленді. Аталған бағытты өрістетуге Қазақстан мен Өзбекстанның жеткілікті ресурстары бар, өнеркәсіп және кадр әлеуеті де жоғары. Елдеріміз өз мүмкіндіктерін біріктіру арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтағы орнын күшейте алады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар жоба, соның ішінде бидай мен ет-сүт өнімдерін өңдеу мәселелері пысықталуда. Агросектордағы бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге келістік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, іскерлік топтар арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейту қажет.
– Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 6 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыруға, өзбек бизнесінің өркен жаюына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Өңірлер арасындағы ықпалдастықтың күшеюі – оң үрдіс. Бұрынғы Өңіраралық форум Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылып, ұдайы қызмет атқарады. Бұл шешім біздің ниетіміз бен осы құрылымға артқан үмітіміздің қаншалықты салмақты екенін байқатады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазақ-өзбек шекарасында ашылатын Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы өзара сауданы дамытуға соны серпін беретініне тоқталды. Тағы бір перспективті бағыт – құрылыс саласы. Қазақстандық компаниялар «Жаңа Ташкент» қала құрылысы жобаларына, сондай-ақ тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салуға белсенді түрде атсалысып жатыр. Бұған дейінгі келісімдерге сәйкес Ташкентте «Astana», Астанада «Tashkent» қонақ үйлері бой көтереді.
Келіссөздердің бір парасы көлік-транзит саласын дамытуға арналған. Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі артқан.
– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасында теміржолмен тасымалдау көлемі 15 пайыздан аса өсіп, 22 миллион тоннадан асты. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, тариф саясатын жетілдіруге, жүк тасымалы шарттарын жеңілдетуге, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға және кеден жүйесін цифрландыруға келістік. Бұл қадамдар елдеріміздің көлік байланысын нығайтатынына сенімдімін, – деді Президент.
Энергетика саласында маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.
– «Ресей – Қазақстан – Өзбекстан» газ жобасы табысты нәтиже көрсетті. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы көгілдір отынды тасымалдау көлемін арттыруға ниеттіміз. Бұдан бөлек, мұнай мен атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің перспективасы зор. Тату көршілік, өзара құрмет рухында және бір-біріміздің мүдделерімізді ескере отырып, су энергетикасы саласындағы әлеуетімізді үйлестіру қажет екенін атап өттік. Бұл бағытта сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға бейілміз. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізуге, су ресурстарын есепке алу мен мониторингтеу жүйесін бірлесе дамытуға басымдық береміз. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы ықпалдастықты күшейтудің келешегі мол. Бұл ретте елдеріміздің дербес жобалары бар. Оларды бірлесіп дамыту бүкіл Орталық Азияға мультипликативті әсер берер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы орнықты және ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатудың кепілі ретінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән берілетіндігін атап өтті.
– Мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, шығармашылық өкілдерінің байланысын жолға қою, көрнекті тұлғаларға ескерткіштер ашу – мұның барлығы бауырлас халықтар үшін өте қажет дүниелер. Білім мен ғылым саласындағы бірлескен жұмыс перспективасы, жастар арасында қарым-қатынас орнату мәселелері де талқыланды. Күні кеше Қазақстан мен Өзбекстан жастарының кезекті конгресі өтті. Бұл бағыттағы айтарлықтай ілгерілеудің жарқын үлгісі ретінде былтыр екі елдің жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Біз университеттер арасындағы ықпалдастықты нығайтуды, академиялық алмасу бағдарламаларын көбейтуді, бірлескен ғылыми форумдар мен тағылымдама өткізуді көздейміз. Қазіргі уақытта Өзбекстанның бай мәдени-тарихи мұраларына қазақ туристерінің зор қызығушылығы байқалады. Былтыр олардың саны үш миллионға жетті. Бұл саланың әлеуетін аша түсу үшін үкіметтерімізге бірлескен туристік жобаларды дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырдық, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары ортақ екенін тағы да растаған.
– Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән бердік. Өңірдің орнықты дамуы – барлық бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне сай келетін ортақ мақсатымыз. Ертең біз Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-ші консультативтік кездесуіне қатысамыз. Қазақстан барлық деңгейде тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін енгізген өзбек тарапының төрағалығын жоғары бағалайды. Консультативтік кездесулер форматының нормативтік-құқықтық және институционалдық негізін нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар қабылданды. Ертеңгі Саммит біздің сан қырлы ықпалдастығымызды дамытуда тағы бір маңызды кезең болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы келіссөздер қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, Президент Шавкат Мирзиёевке айрықша қонақжай көңілі үшін ризашылығын білдірді.
Шавкат Мирзиёев бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастықтың кең көлемді бағыттарын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл сапары екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың деңгейі жоғары екенін тағы да растады. Аталған сапар біздің көпжоспарлы ынтымақтастығымыздың жаңа тарихындағы айтулы оқиғаға айналды және байланыстарымызды арттыруға тың серпін берді. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер серіктестігімізді нақты мазмұнмен толықтырып, бірлескен жобалардың көкжиегін кеңейтіп, бауырлас екі елдің дамуына берік негіз қалайды, – деді Өзбекстан Президенті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттерінің және Әзербайжан басшыларымен бірге Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығын аралады.
Президенттерге орталық ислам өркениетінің бір бөлшегі саналатын Өзбекстанның бай мәдени-рухани мұрасын терең зерттеу және насихаттау мақсатында құрылғаны жөнінде баяндалды. Мұндағы ең басты жәдігер – Осман Құраны. Ал оның жан-жағында Құран сүрелерінің санына сәйкес 114 ежелгі кітап қойылады.
Сонымен қатар, «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, биыл тағайындаған бұл сыйлық дәстүрді жаңғыртуға, өнерді дамытуға, сондай-ақ ұлттық рухани мұраны насихаттауға елеулі үлес қосқан мәдениет қайраткерлеріне беріледі.
Қазақстаннан актер Еркебұлан Дайыров «Театр және кино» аталымы бойынша «Келешек мұрасы» сыйлығының лауреаты атанды.
Бұл күні Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты.
Мемлекет басшысы сөз басында қонақжайлық танытып, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады. Сондай-ақ Бакудің жаңа статуста аймақ ынтымақтастығын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім артты.
Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері өз тиімділігін дәлелдегенін айтты.
– Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған әрі жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнаған берекелі өңір ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы аймақтың әлеуетін одан әрі нығайту үшін Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынатынын жеткізіп, өңірлік ықпалдастықтың экономикалық негізін күшейткен толайым табыстарға тоқталды.
– Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері біртіндеп жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол арқылы байланыс жанданып келеді. Нәтижесінде былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу үшін осы қарқынды сақтау қажет деп ойлаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы перспективті салаларда серпінді жобаларды бірлесе іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бидайды, майлы дақылдарды, ет-сүт өнімдерін терең өңдеу, мал және органикалық егін шаруашылықтарын дамыту арқылы бұл бағытта тиімді жұмыс атқаруға дайын. Сонымен қатар заманауи қоймалар, логистикалық орталықтар салу, ішкі нарыққа және экспортқа арналған дайын тағам өнімдерін өндіру бағыттарының келешегі зор.
Президенттің пікірінше, халықаралық аренадағы өзгерістер кезеңінде Орталық Азия елдерінің Еуразиядағы негізгі транзиттік торапқа айналуға бірегей мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы елдеріміз тек келісімді әрі үйлесімді әрекет еткенде ғана аймақтың әлеуеті толық ашылатынына сенімді.
– Бір-бірін қайталайтын тексерістерден, шекарадан өту кезіндегі шектен тыс бюрократиялық рәсімдерден арылу үшін Жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу мәселесін қарастырған жөн. Аймақтың әлеуетін одан әрі нығайту үшін Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз. Шекара маңында қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп хабы кең мүмкіндікке жол ашады. Оны дамыту аясында жоғары технологиялық жобаларды іске қосуға баса назар аударған жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар назарын сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ықпалдастық перспективасына аударды
– Мемлекеттеріміз әзірге толық барланбаған, бірақ айтарлықтай мол ресурсқа ие. Аймаққа озық технология тарту және инновациялық шешімдерді енгізу ісінде күш біріктіру керек. Қазақстан Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл мекемеде кеніштер мен оны игеру технологиялары туралы өзекті ақпараттарды жинақтап, инвесторларға ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану нәтижесінде пайда болатын мүмкіндіктерге тоқталды. Президент елімізде ЖИ-ді жан-жақты енгізу шаралары, сондай-ақ өзбек әріптестермен бірге атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
– Жасанды интеллект саласындағы серіктестікті одан әрі дамыту үшін аталған технологияны қолданудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу керек. Орталық Азия мемлекеттерінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы декларацияның жобасын дайындауды ұсынамын. Құжат бірлескен цифрлық жобалар аясында мәлімет алмасқан кезде ашықтықты, сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, барлық қатысушының құқығы қорғалатынына кепіл болады, – деді ол.
Президенттің айтуынша, өңір үшін су қауіпсіздігі мәселесі аса өзекті.
– Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитімен қатар өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының жиынында осы тақырыпқа оралып, ұсыныстарды талқылай аламыз. Сіздер аталған іс-шараларға белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту өңір елдері үшін негізгі басымдық саналады.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентін Самарқанд қаласында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясын табысты өткізуімен құттықтады.
Президент ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық қолөнерді насихаттау және тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудың маңызына назар аударды.
Кинематография саласында, сондай-ақ заманауи туристік кластерлер құру және жаңа технологияларды пайдалану арқылы Ұлы Жібек жолының мұрасын дәріптеуде біршама іс тындыруға болады.
– Осы салада барынша белсенді әрекет етіп, туризм саясатын өзара тиімді үйлестіретін уақыт жетті деп ойлаймын. Бұған дейін бүкіл өңірге ортақ туристік бағдарларды дамыту туралы ұсыныс айтылған еді. Біз мұндай бастамаларды қолдаймыз. Бұдан бөлек, Орталық Азияның біртұтас туристік брендін ілгерілетуде пәрменді шаралар қабылдауды ұсынамыз. Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және Орталық Азия елдерінің бірыңғай туристік кеңістігін қалыптастыру аталған саладағы байланыстарымызды жандандыруға құқықтық негіз бола алады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығынан алған әсерімен бөлісіп, Шавкат Мирзиёевтің аталған мекемені ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін ортақ алаңға айналдыру жөніндегі бастамасын қолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің рөлін күшейту маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси дүрбелең жағдайында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтудің мәні зор екенін айтты. Бұл ретте Президент Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы шарттарға қолдау білдіріп, бұл мәмілелерді маңызды қадам ретінде бағалады. Бұдан бөлек, жақында Тәжікстанның XXI ғасырдағы Достық жөніндегі шартқа қосылуын елеулі шешім деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өңір әлі де терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіптерді бірлесіп қана еңсеруге болады. Осы бағыттағы жұмыс өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жүргізілуге тиіс.
Сөз соңында Президент Консультативтік кездесу форматын одан әрі жетілдіру мәселесіне тоқталды.
– Ұлттық үйлестірушілер кеңесі бекітілгеннен бері бұл алаң тиімділігін көрсетті. Кеңестің рөлін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Ол уағдаластықтардың орындалуын бақылаумен шектелмей, өңірді дамытудың стратегиялық векторларын әзірлеумен айналысуы керек. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің осы форматтың институционалдық негізін күшейтуге қатысты ұсынысын қуаттаймын. Бұл мәселелерді жұмыс тәртібінде талқылап, тиісті бастамаларды бекітуге болады деп ойлаймын. Орталық Азия сараптамалық форумын өңірлік ықпалдастық жүйесіне қосуды ұсынамын. Соның нәтижесінде форум зерттеу жүргізетін және бірыңғай тәсілдер қалыптастыратын негізгі платформаға айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.
Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша президенттер мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемесі;
2. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 2027-2028 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қырғыз Республикасының кандидатурасын ұсыну бойынша БҰҰ-ға мүше елдерге үндеуі;
3. Әзербайжанды Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуінің толық құқылы қатысушысы деп тану туралы шешім.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесіне сәйкес мынадай құжаттар қабылданды:
1. Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тұжырымдамасы;
2. Орталық Азиядағы қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алудың 2026-2028 жылдарға арналған тізбесі.
Фото: Ақорда