KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

«Шығыс мейірімінің» шапағатын көргендер көп

19.11.2025, 09:30 122 Базарова Айгүл

Зайсан ауданындағы Дайыр ауылын жарық пен жылуға бөлеген «Шығыс мейірімі» – бір ғана оңалту орталығы емес, тағдыр сынағына түскен жандарға қайтадан сенім сыйлаған үлкен бір әлем. Мұнда аттың жүрісімен түзелген дене, мейіріммен толған көңіл, ұлттық дәстүрмен сабақтасқан тәрбие – бәрі бар. Бір кездері ескі ғимараттың орнына өмірдің жаңа тынысын алып келген осы шағын орталық бүгін жүздеген бала мен ересектің үмітін жалғап, Зайсанның өзі секілді кең құшағын айқара ашып тұр. Мирбану мен Тоқтарханның ауылға оралып, мейірім арқылы қоғамды өзгертуге деген талпынысы қазір тұтас өңірдің қуанышына айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дайыр ауылының тұрғындары Тоқтархан мен Мирбану 2023 жылдың наурыз айында Үкіметтің қолдауымен ерекше қолдауға мұқтаж жандарға арналған «Шығыс мейірімі» атты қоғамдық қор құрып, жұмысын бастаған. Қазіргі күнде аяғына нық тұрып, жұмысын жолға қойған оңалту орталығы аудан тұрғындарына жоғары тыныс жолдарын тұзды бөлмеде емделу, фитотерапия, массаж, иппотерапия, табиғат аясында сейілдеу, әлеуметтік қызмет, паралимпиада және өзге де қызметтерді сапалы ұсынып келеді.

– Мен денсаулық сақтау саласында 1980 жылдан рентген-лаборант болып үздіксіз еңбек еткен Дайыр ауылының тумасымын, жалпы еңбек өтілім – 44 жыл. Соңғы 27 жылында Астана қаласында еңбек еттім. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына қолдау білдіру мақсатында жолдасым Тоқтархан екеуіміз ойлана келе, Астанадан ауылға қайта көшіп келдік. Өзіміз инвестор болып, Дайырдағы ескі ғимаратты сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Заман талабына, орталықтың мақсатына сай ретке келтірдік, – деді Мирбану Андырбаева.

Оңалту орталығы төрт бағытта қызмет көрсетеді

Мирбану Исабекқызының жолдасы Тоқтархан Қайырбаев та орталықта жаттықтырушы мұғалім ретінде қолдау білдіріп келеді. Бокстан, көркем гимнастикадан еңбек сіңірген жаттықтырушы. «Шығыс мейірімі» екі жылдан бері аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға төрт бағытта, атап айтсақ – арнаулы әлеуметтік көмек беру, паралимпиадаға дайындық, иппотерапия және этнотуризм бойынша қызмет көрсетеді. Сол үшін Қытайдан он екі қанат қазақ киіз үйін сатып әкеліп, этно ауыл да жасақтаған.

– Жамбы ату, атпен серуендеу, алтыбақан тебуді ұйымдастырдық. Көктемнен бері бие байлап, келушілерді қымыз, саумалмен де емдейміз. Алты ауылдан және Зайсан қаласынан келген емделушілер мұнда төрт сағатқа дейін болып, ем қабылдайды. Көлікпен тасымалдау да қарастырылған. Басты мақсатымыз – ерекше қажеттілігі бар ересектер мен балалардың денсаулығын түзетуге үлес қосып, бір кездері ауыл мен қала арасындағы үзіліп қалған рухани байланысты қайта жалғау, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту. Облыс пен ауданнан қолдау бар, 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтыдық. «Күміс жас» бағдарламасымен тағы үш және бір адамды қоғамдық жұмыс бойынша алып отырмыз. Жиыны 22 адам орталықта жұмыс істейді. Алдымызда ем алуға келушілер асықпай қона жатып емделе алатын кеңейтілген оңалту орталығын ашу жоспары бар, – деді Мирбану Исабекқызы.

Қырықтан астам бала атпен серуендеп, ем алып жүр

Мәселен, орталық көрсететін арнаулы әлеуметтік қызметке келетін болсақ, ол алты бағытта жүргізіледі. Оның ішіне мәдениеттану, түркітану, медицина, психолог, логопед секілді адамның рухани да, физикалық дамуына да аса қажетті қызмет түрлері бар. «Шығыс мейірімінде» спортқа да баса мән берілген. Ерекше күтімдегі аудан тұрғындарын паралимпиадаға дайындау ісі мұнда жақсы жолға қойылған. Қазіргі уақытта аудан, облыс, республикалық жарыстарда жүлделі орын алған балалар, ересектер көп. Биыл жылына екі мәртеөтетін облыстық «Жұлдызай – 2025» инклюзивті ойындар жарысында балалар екінші орынға қол жеткізген. Былтырдан бері көрсетілетін қызметтер қатарын иппотерапия толықтырған. Иппотерапия облыста бұған дейін Глубокое ауданының Винное ауылында ғана жұмыс істеп келсе, енді Зайсан ауданында да ашылып отыр. 2024 жылдан мемлекеттік тапсырысты орындап келе жатқан орталықта қазіргі таңда 40-тан астам балалар тұрақты ем қабылдауда. Келушілердің барлығы да орталықтың арнайы көлігімен тасымалданады.

– Менің есімім Нұржан. Орталыққа келген ұнайды, күнде келсем деймін. Апайлар бізді Астанаға апарып келді. Бапкерлерден үлкен қолдау аламыз. Маған әсіресе, атпен серуендеген ұнайды, соған жаттығып жүрмін. Спортпен шұғылданамын. Күнде массаж жасайды. Көмектесіп жүрген апайларға рахмет айтамын, – дейді ем алып, денсаулығын түзеп жүрген Нұржан есімді жасөспірім.

“Шығыс мейірімі” қоғамдық қорының күнделікті емшара жүргізу барысы қалыптасқан. Әр ем алушыға тағайындалған жеке емдеу процесі бар. Ем алушылардың жас ерекшеліктері мен диагноздерін ескере отырып, әртүрлі массаж, жаттығулар тағайындалады. Жаттығу арнайы дәрігерлердің бекітуімен, мамандардың бақылауымен, белгілі уақытпен жасалынады.

Ендігі мақсат – жатып емделуге жағдай туғызу

– Қазір жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, ауыл іргесінен жер мәселесін шешіп жатырмыз. Мәселен, ол жерге ішіне ұлттық тағамдар қойылған қазақтың киіз үйі мен еуропалық үлгідегі дастархан мәзірі бар дәмханаларды қатар орналастыра аламыз. Сондай-ақ, келушілер қазақы алтыбақан мен қала аулаларындағы әткеншекті қатар тебе алады. Иппотерапия бойынша да бір жағынан атқа мініп серуендесе, екінші жағынан квадроцикл мен пониге мініп денсаулықтарын шыңдайды. Былтыр желтоқсан айында понилер Зайсанға әкелінген, қазір жерсінді, тіпті, биыл құлындады да. Оларға балалар көп қызығады. Сондай-ақ, біреулерге тир ату ұнаса, керісінше кейбіреулер садақ тартып, жамбы көздей алады. Бос уақыттарында ерекше жандар қолөнермен де шұғылдана алады. Ендігі ойымыз, ем алушылар осында он күнге дейін жатып емделетін жағдайға жету. Өйткені, бүгінде өздеріңіз білесіздер, ауру түрлері жас талғамай, жасарып кетті. Балаларда аутизм көп кездесіп жатыр. Балалары осында он күн болатын болса, ата-аналар да бір сәт қолдары босап, өзге тірліктерін бітіруге де уақыт табады ғой. Сол балаларға титтей де көмегімізді тигізе алсақ, орталық мақсатының орындалғаны, – дейді Мирбану Андырбаева.
– Орталықта ем алғаныма біраз болды. Осындағы спорттық шараларға қалмай қатысамын, спорттық жабдықтардың түр-түрі бар. Нәтиже жоқ емес. Өзімді сергек сезінемін. Биыл Бурабайға барып, жақсы тынығып, мол күш жинап қайттық. Бізге осындай қолайлы орта ұйымдастырған Мирбану апай бастаған «Шығыс мейірі» ұжымына алғысым шексіз, – деді аудан тұрғыны Бақытбек Зәкиев.

Қуантсаң, баланы қуант

Қыр баласы мен қала баласының арасында үзіліп қалған ұлттық дәстүр мен байланысты қайта жалғауды мақсат еткен орталықтың ем алушыларды Зайсанның көрікті табиғатына апару, аудан мұражайын аралату, өлке тарихымен таныстыру, облыс орталығы Өскеменде, өзге қалаларда өтетін жарыстарға қатыстыру жұмыстары жоспардағы негізгі шаралар қатарында.

– Балам Оразды осында әкелгелі өмірге деген құлшынысы артқанын байқадық. Көңіл-күйі жақсы. Спорттың әр түріне қатысады. Жаңа достар тапты. Үйге келе салып, осында көрген жаңалықтарымен бөлісуге асығады. Орталықтан тұзбен емделеді, массаж алады, иппотерапияға қатысады. Спорттың жаңа түрлеріне бейімделуде. Оның өзгергеніне біз де қуаныштымыз, себебі бала деген біздің болашағымыз ғой. Осындай мүмкіндік сыйлаған оңалту орталығының ұжымы мен басшылығына алғысымыз шексіз, – деді орталық емделушісі Ораз Құдайбергенұлының анасы.

Спорт саласындағы белсенді ерекше жандар мен балалар Көкшетаудағы әйгілі Бурабайға да саяхаттап қайтқан. Мекеменің жекеменшік жаңа шағын автобусы да бар. Оны биыл жеңілдетілген акциямен Шымкент қаласындағы автосалоннан сатып әкелген. Қор жетекшісінің айтуынша, автосалон басшылары Зайсандағы «Шығыс мейірімі» қоғамға тигізіп жатқан пайдасын білген соң, сөзге келместен, айтарлықтай жеңілдік жасап беріпті. Жаңа көлік ерекше қажеттіліктегі жандарды тасымалдауға және туризмді дамытуға үздіксіз қызмет етпек.



Дәурен Аллабергенұлы 

Фото: Мирбану Исабекқызының жеке архивінен





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу