Шығыста жұмысшы мамандарды даярлаудың жаңа үлгісі қалыптасып келеді
Еліміздің кәсіби-техникалық білім беру жүйесі экономиканың талаптарына сәйкес дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұған жарқын дәлел – Шығыс Қазақстанның 16 колледжін біріктірген альянс пен «Казцинк» компаниясы арасындағы тиімді әріптестік. Осы жылдың 22 тамызында құрылған бұл альянс теориялық білімді өндірістік тәжірибемен үйлестіру арқылы, өңірлік кадрлық әлеуетті дамытуға және заманауи жоғары технологиялық өндірісте жұмыс істеуге дайын, сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған. Бұл бастама «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы мақсаттарға сәйкес кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды көздейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еліміздің қазіргі кәсіби-техникалық білім беру жүйесі экономиканың нақты секторының қажеттіліктерімен тығыз байланыста өркендеуде. Мәселен, Шығыс Қазақстан колледждерінің альянсы мен «Казцинк» компаниясы теориялық білім мен өндірістік тәжірибені біртұтас оқу кеңістігінде үйлестіріп, білім беру мен өнеркәсіп арасындағы тиімді әріптестіктің айқын үлгісі болып отыр.
Елімізде осы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып белгіленуі техникалық және кәсіптік білімнің елді дамытудағы стратегиялық рөлін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық» деп атап өтті. Президенттің бұл сөздері бүгінде Шығыс Қазақстанда жүріп жатқан үдерістердің мәнін айқын көрсетеді. Еліміздің ірі индустриалды орталықтарының біріндегі колледждер альянсы мен «Казцинк» ЖШС бастамасы кадр даярлау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың нақты құралына айналды.
Ынтымақтастық аясында бірқатар нақты қадамдар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Казцинк» ЖШС базасында колледж оқытушылары үшін біліктілікті арттыру курстары мен өнеркәсіптік тағылымдамалар өткізілді, жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге шәкіртақы төленуде, өңір колледждерінің түлектері үшін бос орындар жәрмеңкесі өткізілді, кәсіпорын колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсетуде, дуальды оқытуды дамыту және білім беру бағдарламаларын жаңартуға бойынша ынтымақтастық жоспары әзірленіп, бекітілді.
Альянс колледждер мен жұмыс берушілердің мүдделерін біріктіретін синергия принциптеріне негізделген біртұтас жүйе ретінде қызмет етеді.
Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің директоры Ернар Иргебаевтың айтуынша, альянс жұмысының маңызды ерекшелігі – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогінің жаңа үлгісін қалыптастыру. Заманауи оқытушы тек оқу кабинетінде білім берумен шектелмей, өндірістік тағылымдамадан өтіп, инженерлермен және шеберлермен тығыз байланыста озық технологияны меңгереді. Педагог – студент пен өндіріс арасындағы байланыс дәнекері ретінде тәлімгер, әдіскер және кәсіпорынның серіктесі рөлін атқарады. Оның қызметі жаңа мазмұнға ие болып, тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар болашақ маманды қалыптастыратын, студентке мамандықтың маңызын түсінуге, өз кәсіби таңдауына сенімді болуға жол көрсететін адамға айналады.
Колледждер альянсы мен «Казцинк» ЖШС – білім беру мен өнеркәсіп арасындағы серіктестіктің өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға ықпал етудің жарқын үлгісі. Заманауи педагог – «білім мен өндіріс – Қазақстанның дамуындағы біртұтас жүйе» қағидатын басшылыққа ала отырып, ел болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Ержан Әбіш


