Бүгін елімізде алғаш рет Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің күні атап өтілді
Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл елімізде алғаш рет 2 қазан - Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесі қызметкерлерінің күні ресми түрде аталып өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді. 530 мыңнан астам студентке 42,8 мың педагог пен өндірістік оқыту шебері сабақ береді.
Бұл күн — техникалық және кәсіптік білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар мен мамандардың қоғамдағы маңызды рөлін мойындаудың айқын көрінісі. Сонымен қатар, жастарды жоғары сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарға бағыттауға және кәсіби білім берудің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Фото: gov.kz