KZ
Өскемен
-2°
снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Шығыста мемлекеттік қызмет әдебіне кір келтірген шенеуніктер тиісті жазаларын алды

20.11.2025, 14:15 156 Ержан Әбіш

Астана қаласында өткен бүгінгі баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстандағы басқарма басшысы мен ауыл әкімінің мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп нормаларын сақтауына қатысты мәселе көтерілді. Аймақ басшысы екі шенеуніктен бөлек өзінің орынбасары, аудан әкімі де тиісті жаза арқалағанын жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл сұраққа жауап беру барысында екі шенеунік те қазір қызметінде екенін, алайда, қолданыстағы заң аясында Әдеп жөніндегі облыстық кеңестің ұсынысымен қызметтік тәртіптік жауапкершілік, яғни, қатаң сөгіс арқалағандарын айтты.

– Зайсан аудандық сотының қаулысымен Шілікті ауылдық округі әкімі ҚР Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Ал біздің тарапымыздан қызметтік қатаң сөгіс берілді. 
Сонымен қатар, Зайсан ауданының әкімі де бұл жағдайға қатысты қызметтік сөгіс алып, жауапкершілікке тартылды. Ауыл әкімінің ісі облыстық тәртіптік кеңесте қаралып, әкім кешірімін сұрап, ісінен тиісті қорытынды шығарды. Себебі, ол әкімді осыдан екі ай бұрын сол Шілікті ауылының халқы өздері дауыс беру арқылы сайлаған болатын. Тұрғындар өздері де осы мәселемен маған шықты. Қызметін дұрыс атқарып жүр. Оның үстіне, ол сөзге келіскен адамдар жергілікті тұрғындар емес, өзге қаладан келген адамдар екені анықталды. Алайда, бұл мәселе де оның жауапкершілігін ешқашан жеңілдетпейді. Мемлекеттік қызмет деген ауыр шоқпарды белге байлаған соң, мемлекеттік қызметші барынша сабырлы болып, елге мінсіз қызмет етуі қажет. Бұл мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасында да, Әдеп туралы кодексте де айқын көрсетілген. Сондықтан, бұл бәрімізге де қатысты әрі уақытында нақты шара қабылданды. Болашақта қайталамайды деген сенімдемін, – облыс басшысы.

Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу