Басқарма басшысына қатаң сөгіс берілді – ШҚО
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында облыстық басқармалардың бірінің басшысы қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеңес мүшелерінің басым көпшілігі қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдану туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ облыс әкіміне тиісті шара қабылдау жөнінде ұсыныс жолданды.
«Бұған дейін аталған қызметкер көпшілік алдында өз әрекеті үшін кешірім сұраған болатын. Сонымен қатар бүгінгі кеңес барысында да әріптестерінің алдында қателігін мойындап, тағы да кешірім білдірді», - дейді ШҚО әкімдігінің ресми өкілі Талғатжан Мұхаметбекұлы.
Ресми дерек бойынша, бұл мемлекеттік қызметші 18 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді және алғаш рет тәртіптік жазаға тартылып отыр.
Қызметкердің мас күйде болғаны туралы пікірлерге де қатысты ШҚО әкімінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Ресми өкіл Талғатжан Мұхаметбекұлының хабарлауынша, ол «ІІ типті қант диабеті» диагнозымен есепте тұрады, бұл сырқат оның физикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Қызметкер медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға дайын екенін жеткізді.
ШҚО әкімдігі мемлекеттік қызметтегі әдеп пен заң талаптарын бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын берік ұстанатынын атап өтті. Барлық тәртіптік істер заңнама талаптарына және объективтілік қағидаттарына сай қаралады.



