KZ
Өскемен
-16°
туман жел 1 м/с, З
504.6 594.27 6.48

ШҚО мұз айдындарында қауіпсіздік ережелері сақталмай тұр: құтқарушылар алдын алу шараларын күшейтті

21.11.2025, 10:00 137 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстанда мұз айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Әсіресе, қазір қараша айының суығында өзен-көлдердің бетін жұқа мұз жапқан кезеңде. Өңірдегі кей балықшылар мен тұрғындар мұздың әлсіздігіне қарамай, өз өмірлерін қатерге тігуде, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ұлан ауданында құтқарушылар кезекті рейд барысында қауіпсіздік талаптарын бұзған бірнеше азаматты анықтады. Құтқару кеудешесінсіз, арнайы құрал-жабдықсыз жүрген төрт тұрғынға Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 412-бабы бойынша жауапкершілік жүктелді.

Айта кету керек, облыс бойынша құтқару қызметі соңғы уақытта 150-ден астам профилактикалық рейд жүргізіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Құтқарушылардың айтуынша, мұз үстіндегі кей тұлғалардың бейқамдығы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.

«Адамға қауіпсіз мұз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы керек. Тұман, қараңғы уақыт немесе көріну мүмкіндігі төмен кезде мұз бетіне шығуға болмайды. Су айдынына шыққан әр азаматтың жанында құтқарғыш кеудеше, ысқырық, екі метрлік таяқ және 12 метрлік арқан болуы тиіс. Бұл құралдар суға құлап кеткен адамды аман алып қалуға көмектеседі. Егер мұз астына түсіп қалсаңыз, өз бетіңізше шығуға арналған қармауыштарды қолдану қажет. Ішімдік ішкен күйде мұз үстіне шығу өте қауіпті. Ата-аналарға балаларын бақылап, мұздың жұқалығын және оның қаншалықты қауіп төндіретінін түсіндіруді сұраймыз. Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласыңыздар», – делінген ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.



Фото: ШҚО ТЖД 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу