KZ
Өскемен
-13°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

Өскемен мен Риддердегі ағаштар дендроиндикация әдісімен зерттелуде

21.11.2025, 17:00 613 Айдос Мырзахметов

Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – климаттың өзгеруі мен техногендік факторлардың табиғи экожүйелерге, әсіресе, орман алқаптарына әсері. Осы тұрғыдан алғанда, «Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік аймақтарында өсетін ағаш тұқымдарына техногендік факторлар мен климаттық өзгерістердің әсерін дендроиндикация әдісімен зерттеу» жобасы елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына негіз қалап отырған іргелі еңбек. Жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жаһандық басымдықтармен толық үндесіп, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының климаттың өзгеруімен күрес және құрлық экожүйелерін сақтау бағыттарын нақты іспен қолдайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жобаның ғылыми жетекшісі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Құралай Бауыржанқызы Алипина. Ол дендрохронология, өсімдіктер физиологиясы, фитостимуляторлар мен өсімдік өнімділігін арттыру бағытында тәжірибесі мол зерттеуші. Бұған дейін Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде климаттың жылынуының қылқанжапырақты ағаштарға әсерін зерттейтін экспедицияға қатысып, халықаралық жобалар шеңберінде тәжірибе жинақтаған.

Жобаның ғылыми консультанты – Германиядағы Фрайбург қаласында орналасқан Альберт Людвиг университетінің профессоры, әлемге танымал ғалым Choimaa Dulamsuren. Климаттың өзгеруі, орман экожүйелерінің фрагментациясы, ағаштардың стресс факторларына реакциясы тақырыптарында 90-нан астам ғылыми жұмыс жариялаған зерттеушінің h-индексі 38-ге жетіп, еңбектері әлемдік ғылыми қауымдастықта жоғары бағаланған. Оның қатысуы жобаға халықаралық деңгейде салмақ беріп, әдістемелік және ғылыми база тұрғысынан қуатты тірек болмақ.

Жобаны іске асыруға жалпы мемлекет тарапынан арнайы грант ретінде 26 237 748,95 теңге қарастырылған. Бұл қаражат далалық зерттеулер, зертханалық талдаулар, бағдарламалық қамтамасыз ету, деректерді өңдеу, дендрокарта дайындау және оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу сияқты негізгі бағыттарға жұмсалады. Қаржыландыру көлемі жобаның ауқымына, халықаралық серіктестіктің болуына және ұзақмерзімді мониторинг міндетіне сай белгіленген.

- Адамзат қызметі күшейген сайын табиғи тепе-теңдікке түсетін салмақ та арта түсуде. Өнеркәсіп ошақтары шоғырланған, атмосфераға зиянды заттар көп мөлшерде шығарылатын өңірлерде бұл құбылыс айрықша байқалады. Шығыс Қазақстанның жүрегі саналатын Өскемен мен Риддер қалалары – соның айқын мысалы. Мұнда тау-кен, металлургия, химия өнеркәсібі белсенді дамығанымен, оның көлеңкесінде қоршаған ортаға, соның ішінде орман экожүйелеріне түсетін ауыр жүктеме тұр. Ағаштар – жай ғана көркем ландшафт элементі емес, олар климатты реттейтін, ауаны тазартып, топырақты бекемдейтін, биоәртүрлілікті сақтайтын тірі қалқан. Сондықтан олардың күйін, төзімділігін, қалпына келу қабілетін түсіну – қоғамның болашақ қауіпсіздігін түсінумен пара-пар, - дейді Құралай Бауыржанқызы. - Ұсынылып отырған жоба дәл осы күрмеулі сауалдарға жауап іздейді. Негізгі мақсат – Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік аймақтарында техногендік факторлар мен климаттық өзгерістердің ағаш тұқымдарының өміршеңдігіне, өнімділігіне және қалпына келу қабілетіне әсерін кешенді түрде зерттеу. Бұл зерттеу нәтижесінде ластанған қалалық ортада ағаштардың өзін қалай «сезінетінін», қандай түрлердің төзімді, қайсысының әлсіз екенін, климаттың жылынуы мен өндірістік шығарындылардың өсімдікке қандай із қалдыратынын дәл ғылыми деректермен көрсету жоспарланған.

Жобаның өзегінде – дендроиндикация тәсілі. Яғни, жылдық сақиналарды талдау арқылы ағаштың басынан өткен климаттық және экологиялық жағдайларды «оқу» көзделген. Әр сақина – белгілі бір жылдың хроникасы, ол сол кезеңдегі ылғалдылық, температура, ластану деңгейі мен жалпы стресс факторлары жайлы үнсіз куәлік береді. Дендрохронология әдісі дәл осы жасырын ақпаратты ашып, уақыт бойынша ағаштың өсу қарқынын, өнімділігін және күйзеліс кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында заманауи бағдарламалар, соның ішінде TSAPWin сияқты жоғары дәлдікті талдау құралдары қолданылып, көпжылдық уақыт қатарлары терең талдаудан өтеді.

- Бірінші кезеңде отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерге кең ауқымды шолу жасалады. Бұл – әлемдік тәжірибені ескере отырып, ең тиімді әдістер мен тәсілдерді іріктеуге мүмкіндік беретін маңызды баспалдақ. Шэньян қаласындағы қарағайлы ормандардан бастап, Еуропа мен Моңғолиядағы орман экожүйелеріне дейінгі зерттеулер мысалында климаттың өзгеруі мен урбанизацияның ағаштарға әсері жан-жақты қарастырылған. Алайда осындай ауқымды жұмыстарға қарамастан, Қазақстанның өнеркәсіптік қалаларындағы ағаш тұқымдары әлі күнге дейін жеке нысана ретінде толыққанды зерттелмеген. Дәл осы білім олқылығы – жаңа жобаның ғылыми жаңалығы мен маңызын айқын көрсететін тұс, - дейді Құралай Алипина. - Алдағы жұмыстың маңызды бағыты – соңғы жиырма жылдағы (2004–2025 жж.) өндірістік шығарындылар мен климаттық деректерді жинақтау. Өскемен мен Риддер қалалары бойынша атмосфераға шығарылатын зиянды заттар, ауаның ластану деңгейі, температураның өзгеруі, жауын-шашын режимі туралы мәліметтер мемлекеттік және экологиялық дерекқорлардан, жергілікті метеостанциялардан жиналады. Осы деректер ағаштардың жылдық сақиналарымен салыстырылып, техногендік және климаттық факторлардың қайсысы, қай кезеңде ең күшті әсер еткені анықталады.

Зерттеудің тағы бір маңызды бөлігі – ұзақмерзімді мониторингке арналған тұрақты үлгілік алаңдар құру. Учаскелер Өскемен мен Риддердің ластанған аймақтарында белгіленіп, сол жерлерде өсетін негізгі ағаш түрлерінен керн үлгілері алынады. Сонымен бірге, топырақтағы ауыр металдардың, өзге де ластаушы заттардың мөлшері биохимиялық талдаудан өтеді. Осылайша, ағаш діңіндегі сақиналар мен қоршаған ортаның химиялық құрамы арасындағы байланыстар анықталмақ.

Зерттеу нәтижесінде ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, өндірістік шығарындылар көлемі мен ағаш сақинасының ені арасындағы корреляциялық байланыстар есептеледі. Бұл – қандай фактордың ағаштардың өсуіне көбірек әсер ететінін, қай кезеңдерде ағаштар ең көп күйзеліске ұшырағанын дәл көрсетуге мүмкіндік береді. Кейбір түрлердің радиалды өсімі күрт төмендеп, кейбірі салыстырмалы түрде тұрақты болуы мүмкін – бұл олардың төзімділік деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

Зерттеу барысында ерекше назар – төзімді ағаш түрлерін анықтауға аударылады. Өнеркәсіптік аймақтарда, ластанған ортада да өміршеңдігін сақтай алатын, климаттың құбылуына бейімделе алатын түрлер қалалық көгалдандырудың, жасыл белдеулер қалыптастырудың негізгі «қаһармандарына» айналуы тиіс. Жоба нәтижесінде осындай түрлер бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірленіп, қалаларды көгалдандыру стратегиясына енгізуге болатын нақты тізімдер ұсынылады.

Зерттеудің практикалық жемістерінің бірі – интерактивті дендрокарта жасау. Арнайы ArcGIS платформасы негізінде құрылатын бұл карта өнеркәсіптік қалалардағы ағаштардың жай-күйін, олардың түрлік құрамын, төзімділік деңгейін және экологиялық күйін бейнелейтін цифрлық құралға айналады. Дендрокартаға ғылыми қауымдастық қана емес, мемлекеттік құрылымдар, экологтар, жергілікті қауымдастықтар да қол жеткізіп, қаланың «жасыл жүрегінің» қалай соғып тұрғанын ашық көре алады. Бұл – мониторингтің ашықтығын арттырып, шешім қабылдауда дәлелді деректерге сүйенуге жол ашады.

- Жоба тек ғылыми талдаумен шектелмейді, оның білім беру және кадрлық әлеуеті де зор. «Орман шаруашылығы» бағыты бойынша білім алушыларға арналған оқу құралы әзірленіп, дендрохронология, дендроиндикация, экологиялық мониторинг, климаттық тәуекелдер сияқты тақырыптар оқу үрдісіне жүйелі түрде енгізіледі. Студенттер теориямен ғана шектелмей, нақты далалық жұмыстарға, деректер жинауға, оларды өңдеуге тікелей қатысады. Бұл болашақ мамандардың зерттеушілік, аналитикалық және практикалық дағдыларын нығайтып, отандық орман шаруашылығы мен экология саласына жаңа буын білікті кадрлар дайындауға мүмкіндік береді, - дейді жоба жетекшісі.

Бұл жобаның нәтижелері уақытша есептермен немесе тар ғылыми ортада ғана қалмайды. Олар қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіруге, өнеркәсіптік саясат пен экологиялық реттеуді нақтылауға, қалаларды көгалдандырудың жаңа стандарттарын енгізуге негіз бола алады. Ағаштардың сақиналарында «жазылған» тарихты оқып, біз өз болашағымыздың сценарийін өзгертуге мүмкіндік аламыз.

Осылайша, Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлерінде ағаш тұқымдарына техногендік факторлар мен климаттық өзгерістердің әсерін зерттейтін жоба – тек ғылыми жоба емес, табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтауға бағытталған стратегиялық бастама. Дендроиндикация әдісі арқылы алынған білімдер орман экожүйелерін сақтауға, қалалардың жасыл аймақтарын сауықтыруға, Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етпек.


Айдос Мырзахметов 

Фото: Ғалымның мұрағаты 













Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу