Шығыста қар көшкіні қаупі бар кезең басталды
Облысымызда қар көшкіні қауіпті кезең басталды. Шығыс Қазақстан – еліміздегі қар көшкіні ең жиі болатын аймақтардың бірі, ол қыс мезгілінде таулы аймақтарда демалушылар мен туристер үшін қосымша қауіп туғызады. Қазіргі кезде облыс аумағында 325 қар көшкіні шоғырлары, қар көшкіні түсу қаупі бар 93 шақырым автомобиль жолдары, сондай-ақ мереке және демалыс күндері 3 мыңнан астам адам демалатын туристік және шаңғы базалары орналасқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Қазселденқорғау» мекемесі облыстық филиалының мамандары қар өлшеу және қар көшкіні бағытын бақылау жүйесін әзірлеген. Облыста 20 бағыт бойынша 160 қар өлшеу рейкасы орнатылып, апта сайын жерүсті тексерулері жүргізіледі. Бұл тексерулер қар массасының құрылымын, қар көшкіні түсу қаупін және шоғырлардың жалпы жағдайын анықтау мақсатында жасалады.
Облыстың төтенше жағдайлар департаменті тауларға шығу алдында ауа райын мұқият тексеру қажеттігін ескертеді. «112» қызметінің дауылды ескертуі болған жағдайда қар көшкіні қауіпті маршруттардан аулақ болу қажет.
Қар көшкіні негізінен қар қалың жиналатын таулы аймақтарда пайда болады. Ұзаққа созылған жауын-шашын, қардың тез еруі, температураның күрт өзгеруі, шаңғышылардың қар беткейлерін басуы, қатты айқай немесе бөктерлерден сырғанау қар көшкініне тікелей себеп болуы мүмкін.
«Қазселденқорғау» және облыстық ТЖД мамандары тұрғындарды ескерту жұмыстарын және профилактикалық шараларды күшейтті. Туристер мен демалушыларға арналған ақпараттық ескерту қалқандары, қауіпсіз маршруттар, қарды тексеру жүйелері – барлығы апаттың алдын алуға бағытталған.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу міндетті. Сақтық шараларын берік ұстану – өз өміріңізді және жақындарыңызды қорғаудың басты кепілі.


