ШҚО-ның 8800 оқушысы жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу дағдыларын меңгерді
Шығыс Қазақстан облысында 9–11 сыныптың 8 800 оқушысы Enbek.kz платформасындағы «Сенің мансаптық бастамаң: “Электрондық еңбек биржасын” қалай пайдалануға болады» атты онлайн курсты сәтті аяқтады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл бастама жас ұрпақтың еңбек нарығындағы алғашқы қадамдарын жүйелі түрде қолдауға бағытталған маңызды жоба болып отыр. Курсты әзірлеу «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 1134 қаулысына сәйкес бекітілген Жұмысшы мамандықтарының жылы шеңберіндегі іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында жүзеге асырылған. Атап айтқанда, жоспардың 29-тармағы — 500 мың мектеп оқушысы мен ТжКБ студентін мансап орталықтары арқылы «Электрондық еңбек биржасы» платформасын пайдаланып, жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу дағдыларына үйрету міндетін қамтиды.
Курс барысында оқушылар еңбек нарығының заманауи талаптарымен танысып, өздеріне қолайлы мамандықты анықтаудың тиімді жолдарын меңгерді. Жасөспірімдерге түйіндеме жасау, алғашқы тәжірибені іздеу, цифрлық платформалармен жұмыс істеу, жұмыс берушілермен байланыс орнату сияқты практикалық дағдылар үйретілді. Бұл білім жас буынның саналы түрде мансап құруға ерте бастан дайындалуына, еңбек нарығында сенімді бағдар табуына мүмкіндік береді.
Ең бастысы — әрбір қатысушы курс нәтижесі бойынша Enbek.kz порталындағы жеке түйіндемесіне автоматты түрде тіркелетін ресми сертификатқа ие болды. Бұл сертификат оқушылардың алғашқы кәсіби портфолиосын толықтырып, болашақта жұмыс берушілер алдында олардың белсенділігі мен цифрлық сауаттылығын дәлелдей алады.
Аталған бастама өңірдегі оқушылардың кәсіби бағдарын нығайтып, оларды заманауи еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Фото: ШҚО Білім басқармасы


