Жеке тұрғын үйлерге автономды өрт датчиктерін орнату міндеттелді
Елімізде жеке тұрғын үйлердің барлық бөлмелерін автономды оптикалық-электрондық түтін өрт хабарлағыштарымен жарақтандыру міндетті талапқа айналды. Бұл норма төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында күшіне енген өрт қауіпсіздігі ережелеріне енгізілген өзгерістерден кейін қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзгерістер Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы №55 бұйрығымен бекітілген өрт қауіпсіздігі қағидаларына енгізіліп, биылғы 10 маусымда күшіне енді. Жаңа талаптар жеке сектордағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, өртті ерте анықтауға, адам өлімі мен материалдық шығындарды азайтуға бағытталған.
Ведомство жауапкершілік үй иелеріне жүктелетінін ерекше атап өтті. Яғни түтін датчиктерін сатып алу, оларды дұрыс орнату және пайдалану – тұрғындардың міндеті.
Сонымен бірге ТЖМ әкімдіктер және еріктілермен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне арнайы датчиктер орнатуды жалғастырып келеді. Биыл қауіпті газ концентрациясын және жану өнімдерін анықтайтын 31 мыңнан астам құрылғы орнатылған.
Жаңа көпқабатты үйлерге қатысты талаптар да күшейтілді. Мемлекеттік құрылыс нормаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді жаңадан жобаланатын барлық көпқабатты тұрғын үйлерде автоматты өрт дабылы жүйелері, табиғи газ пайдаланылатын өңірлерде газдану деңгейін бақылау жүйелері міндетті түрде қарастырылуға тиіс.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – әр азаматтың тікелей міндеті екенін еске салады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша өрт қауіпсіздігі нормаларын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Министрлік халықты жеке және қоғамдық қауіпсіздікті басты назарда ұстап, үйлерін өрттен қорғау құралдарымен уақтылы жабдықтап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.