Жылыту маусымы басталды. ТЖ мамандары неге алаңдаулы?
Шығыс Қазақстанда жылыту маусымы басталды. Облыста бұл кезең әдетте 9 айға дейін созылады. Төтенше жағдайлар департаментінде дайындық жұмыстары жаздан бері жүргізілуде, өйткені суық мезгілде өрт қаупімен қатар иіс тиюдің мүмкіндігі де арта түседі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қанат Әбділов от жағу кезінде азаматтар тарапынан орын алатын өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын, сонымен қатар иіс тиюден сақтанудың жолдарын атап өтті.
ШҚО ТЖД қызметкерлері "Қауіп тобына" кіретін халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлердің тізімін жасады. Мониторинг барысында өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ жалғыз басты қарт адамдар және атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар тұратын 13 684 тұрғын үй тіркелгені анықталды. Аталған үйлердің 8434-інде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы тіркелді.
- Біз, тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргіздік, қауіпсіздік ережелерін бұзушылықтарды қалай жою керектігін және пешті қысқа дайындау жолдарын түсіндірдік. Қаржылық салымдарды қажет етпейтін барлық бұзушылықтар сол жерде жойылды", – деп атап өтті Қанат Әбділов.
15 тамыздан бастап гарнизонның жеке құрамы жеке тұрғын үй секторы бойынша күнделікті аулаларды аралау жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі таңда өрт сөндірушілер 50 мыңнан астам үйді аралап шықты, олардың 56% - ы өрт қауіпсіздігі талапарын бұзған.
От жағу маусымының алғашқы кезеңінде 9 адамның улану жағдайы тіркеліп отыр, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Улануға мұржалардың бітелуі, жапқыштар, сондай-ақ пештегі ақаулар себеп болып отыр.
Осыған байланысты ШҚО ТЖД бастығының орынбасары аймақ тұрғындарына пешті пайдалану қауіпсіздігінің ережелері туралы ескертті.
- Мұржалар мен құдықтарды жылына екі рет ыстан тазалап отыру өте маңызды. Күзде және қаңтар-ақпан айларында. Жылыту пештерінде нормалармен белгіленген өртке қарсы бөліктері, арнайы жабдықтары болуы тиіс. Жарықтарды бітеп, шатырдағы және шатырдың үстіндегі мұржаны ағартып отыру керек. От жағу кезінде бензин, керосин, дизель отынын және басқа да тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға тыйым салынады. Жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай – ақ, оларды қарауды жас балаларға тапсыруға, пештің үстіндегі киім мен отынды кептіруге болмайды, - деді Қанат Әбділов.
Улы газбен улану қаупін азайту мақсатында ШҚО ТЖД "Қазмырыш" ЖШС-мен бірлесіп, меморандум аясында көп балалы отбасылар тұратын үйлерге улы газ датчиктерін орнатуда. Жылыту маусымы басталғаннан бері 2214 сигнализатор орнатылды, тағы 874-ін орнату жоспарлануда.
Құтқарушылар улы газ датчиктерін орнату өмірді құтқара алатынын еске салады. Жалпы алғанда, сигнализаторлар 23 адамның өмірін сақтап қалды.