Ұлттық ұлан сарбаздары тұңғыш әскери театр сахнасын ашады
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде өнерге бейім сарбаздардан құралған тұңғыш әскери театр өз шымылдығын түрмек. 26 қараша күні әскери ұжым «Ант» атты драмалық қойылымның алғашқы премьерасын көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл бірегей бастама сарбаздардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейтіп, әскери борышқа адалдықты көркем тілмен жеткізуді мақсат етеді. Сонымен қатар, жауынгерлердің шығармашылық қабілетін дамытып, жастарға патриоттық құндылықтарды насихаттау да жоба өзегіне айналған.
Шығармашылық топтың жетекшісі – қатардағы жауынгер Рамазан Өмірзақ. Мерзімді қызмет өткеріп жүрген ол Youtube платформасында миллиондаған қаралым жинаған «Бажалар» және «Сәке» сериалдарының актері ретінде танымал. Рамазан Өмірзақ Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «кино және театр актері» мамандығын тәмамдаған.
Қойылымдағы басты рөлдердің бірін отандық «Патруль» сериалы арқылы көпшілікке таныс актер Білімжан Тұрсынов сомдайды. Әскерге дейін ол Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрының жетекші актерлерінің бірі болған. Оның айтуынша, көрермен назарына ұсынылатын қойылым – әскери өмірдің мәнін терең ашатын, есте қаларлық ерекше туынды.
Жастар арасында мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруды көздеген бұл жоба «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиевтің бастамасымен жүзеге асуда.
Премьера 26 қараша күні сағат 11:00-де Металлургтер мәдениет сарайында өтеді.