KZ
Өскемен
+1°
пасмурно жел 5 м/с, СБ
505.53 593.44 6.34

Өрт маусымы аяқталды: биыл ШҚО-да 27 орман өрті тіркелген 

Фото: ШҚО ӨКҚ

28.11.2025, 09:30 127 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстанда биылғы өрт маусымы ерекше қауіпті болды. Мемлекеттік орман қорында тіркелген 27 өрттің басым бөлігі найзағайдың салдарынан шыққан. Орман шаруашылығы мекемелерінің техникамен қамтылуы әртүрлі, кейбір аймақтарда мамандар мен құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі тілсіз жаудың тез таралуына әсер етіпті. Жергілікті билік алдағы жылдары заманауи технологиялар мен материалдық базаны нығайтып, өрт қауіпсіздігін күшейтуді міндет етіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облысымызда биылғы өрт қаупі бар маусым ерекше назар аударуды қажет етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембеков мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, мемлекеттік орман қоры аумағында осы жылы 27 өрт тіркелген. Оның 15-і – облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылықтарында, ал 12 жағдай Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орын алған.

– Өрт шарпыған жалпы аумақ 200 гектарды құрап, келтірілген материалдық шығын 2,1 миллион теңгеге жеткен. Өрттердің басым бөлігі табиғи факторларға байланысты: 24 жағдай – найзағайдың салдары. Сонымен бірге 2 өрт дала өртінің таралуынан, ал 1 жағдай адам кінәсінен болған, – деді инспекция басшысы Қайрат Мейрембеков. – Орман мекемелерінің өртке қарсы техникамен қамтылу көрсеткіші әртүрлі. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында – 60%, Батыс Алтай қорығында – 100%, Катонқарағай ұлттық паркiнде – 60%, облыстық табиғи ресурстар басқармасында – 46%. Бұл деректерден өңірдің орман қорғау мекемелерінде материалдық-техникалық базаның әлі де әлсіз екені байқалады.

Тексеру нәтижелері кадр тапшылығын, орман өртін сөндіру станцияларының жеткіліксіздігін, арнаулы техника мен байланыс құралдарының, қорғаныс киімдерінің жетіспеушілігін анықтаған. Сондай-ақ құжат сақтайтын және қызметкерлерге арналған тұрақты орынжайлардың жоқтығы жұмысқа кедергі келтіріп отыр. Бірқатар мекемеде найзағайдан қорғайтын құрылғылар да орнатылмаған.

Мәселен, сәуір айының басында Зайсан орман шаруашылығының аумағында 170 гектар жерді шарпыған ірі өрт болды. Оның 1,4 гектары – тікелей орман алқабы. Өрттің себебі – адами фактор. Тиісті органдардың дерегінше, өртті сөндіру кезінде бірнеше бұзушылық тіркелген, атап айтсақ техниканың өрт ошағына кеш шығуы (40 минут), өрт сөндіру көлігінің жарамсыз күйі, бастапқы кезеңде күш пен құралдардың жеткіліксіздігі. Қолайсыз ауа райымен бірге бұл кемшіліктер өрттің жылдам таралуына әкелген.

– Өрт маусымына дайындық аясында бірқатар шаралар іске асырылды. 32 тонна дизель отыны мен 50 тонна бензин қоры жасалды. Минералды жолақтар толық көлемде жаңартылды, 240 ескерту аншлагы орнатылып, 3400 үгіт-насихат парағы таратылды. Шаруаларға 890 нұсқама берілді. 196 техника және 3 мыңнан астам құрал-сайман дайын тұрды. Әуеден бақылау жұмыстары Ан-2, Ми-2, Ми-8 әуе техникасы арқылы 530 сағат мөлшерінде жүргізілді. Келер жылға дайындық қазірдің өзінде басталып кетті. Орман шаруашылығы мекемелері 230 миллион теңгеге 26 дрон сатып алуды, 41 патрульдік автокөлік, 47 трактор және 34 шағын өрт кешенін лизингке алуды, орман өрттерін ерте анықтауға арналған жүйелерді кеңейтуді жоспарлап отыр, – деді аумақтық инспекцияның басшысы.

Катонқарағай ұлттық паркінде антенналарды орнату бойынша жұмыстар жүргізілгенімен, ауа райына және жолдың қиындығына байланысты 11 нүктеге техника жетпей, жұмыс толық аяқталмаған. «Қазақтелеком» мамандарына орнатылатын нүктелер санын көбейту туралы ескертілген, алайда нақты ұсыныстар әлі берілмеді.

Орман шаруашылықтары мен табиғатты қорғау мекемелеріне орман қорғау қызметкерлерінің санын арттыру, техника мен қажетті құрал-жабдықтарды толықтыру, қызметтік ғимараттар салу, ерте анықтау жүйелерінің техникалық құжаттарын нақтылау және антенналардың дұрыс орнатылуын қадағалау сынды мәселелерді шешу тапсырылды. Сонымен қатар төтенше жағдайларға әрекет ету алгоритміне енгізілген өзгерістер бойынша барлық қызметкерлерді оқыту қажет.

Биылғы өрт маусымы табиғи факторлардың басымдығына қарамастан, орман алқаптарының әлі де қорғанышқа мұқтаж екенін көрсетті. Маман тапшылығы, техниканың, өрт сөндіру станцияларының жеткіліксіздігі – жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселелер. Өңірде орман өртінің алдын алу мен жедел анықтауда заманауи технологияларды енгізу, материалдық базаны нығайту және мамандар санын көбейту – алдағы жылдардағы басты міндеттер болып қала береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу