KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

Шығыстағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жаңа арнаулы салық режиміне көшеді

1.12.2025, 13:30 146 Базарова Айгүл

Жаңа Салық кодексі бойынша табысы төмен және жалдамалы қызметкер ұстамай жұмыс істейтін азаматтарды қолдау мақсатында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеңілдетілген арнаулы салық режимі енгізілмек. Арнайы мобильдік қосымша арқылы қолданылатын бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, қызмет атқаруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews тілшісі. 

– Жаңа Салық кодексімен кірісі көп емес тұлғаларды, сондай-ақ жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін тартпай-ақ қызметін кезең-кезеңімен жүзеге асыратын тұлғаларды қолдау мақсатында (оның ішінде қызметті платформалық жұмыспен қамту арқылы жүзеге асыратын адамдар үшін) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимі (АСР) көзделген, – деді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова.

Оның айтуынша, АСР қызметін платформалық жұмыспен қамту арқылы жүзеге асырып, арнайы мобильдік қосымшаны пайдалана отырып, патент негізінде АСР қолданатын адамдар (Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар), оның ішінде мынадай өлшемшарттарға сәйкес болған кезде басқа да адамдар қолдануға құқылы:

– жеке кәсіпкерлер емес;

– қызметте жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайды;

– Үкімет қаулысымен осы режимді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерін жүзеге асырады;

– бір айда табысы АЕК-тің 300 еселенген мөлшерінен аспайтын (2026 жылы 1,3 млн теңге).

Осы режимді қолданатын тұлғалардың міндеттемелерді орындауы мыналармен барынша жеңілдетілген:

1. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылады;

2. Табыс салығын төлеуден толық босатылған (жеке табыс мөлшерлемесі 0%);

3. Мұндай адамдар үшін жалғыз міндеттеме табыстың 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлеу (міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 1%-дан). Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға сақтандыру жағдайы басталған жағдайда зейнетақымен қамсыздандыруды, медициналық және әлеуметтік сақтандыруды қоса алғанда, базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етеді;

4. Салық есептілігін ұсынудан босатылады;

5. Міндеттемелерді орындау ыңғайлы және оңай болуы үшін арнайы мобильді қосымшаны қолдану көзделген. Онда көрсетілген қызметтер үшін чектерді алу (БКМ қолданудың қажеті жоқ), бір айда алынған табыс тізілімін қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді автоматты түрде есептеу мүмкіндігі берілетін болады.

6. Платформалық жұмыспен қамту арқылы жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бойынша әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу мен аударуды интернет-платформа операторы платформа арқылы алынған кірістер бойынша жүргізетін болады.

7. Жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар өз міндеттемелерін бір ай ішінде алынған табыстан тиесілі соманы төлеу жолымен орындайды.

Гүлмира Сабралимова атап өткендей, осы режимді қолданудың көрсетілген артықшылықтары өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін заңдастыруға, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге (зейнетақы, медициналық және әлеуметтік қорғауға қол жеткізуге) бағытталған.


Дәурен Аллабергенұлы

Фото: ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу