Ежелгі технологияларды жаңғыртқан шебер
Биыл «Туған жер – алтын бесігім» фестивалі аясында өткен Катонқарағай ауданының жетістіктер көрмесінде ауданның «Құрметті азаматы», еңбек ардагері, қоғам қайраткері, елге сыйлы ақсақал, ерекше өнер иесі Аманжан Нуксарин түрлі ағаш түрлерінен ойып жасалған көркем де айрықша бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Ағаштан, түрлі табиғи материалдардан жасалған оның туындыларына қарасаңыз, бұл тек сұлулық үшін қойылатын кәдімгі кәдесыйлар емес, қазақтың тұрмысында талай ғасыр бойы қолданылған, бүгін де маңызын жоғалтпаған қолданбалы заттар екенін айқын аңғарасыз. Ұқыпты теліп, шеберлікпен оюланған бұл бұйымдар ежелгі ата-бабалар өнерінің озық үлгілерін бүгінгі күнге жеткізгендей. Көне кезеңнің қолтаңбасы мен қазіргі уақыт үйлесім тапқандай әсер береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дастарханға ет тартуда қолданылатын ағаштан жасалған төртбұрышты және дөңгелек пішінді астауларды көргенде жазушы Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» бірден ойға оралады. Қазақ тұрмысында кең тараған бұл ыдысты бүгінде этно-мәдени дәстүрді сақтаушылар ғана емес, мейрамханалар да қайта жаңғыртып, ұлттық реңкті ас беру мәдениетіне енгізіп жүр.
Астаудың қасына Аманжан Нуксарин қымыз құюға арналған ағаш ыдыстарды – қымыз сапырғыш пен тостаған-бұйымдарды да қойыпты. Қымызды бабаларша сапырып, арнайы ағаш тостағаннан ішудің дәмі бөлек екені белгілі. Бүгінде туризм, ұлттық сувенир өндірісі, этностильді қызмет көрсетуді дамыту – заман талабы. Сол үрдіске сай көрмеге қойылған ағаш бұйымдарға үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өрнек ойылып, заманауи дүниетаным мен ұлттық дәстүрдің жарасымын көрсетіп тұр.
Бұл жерде аудан орталығындағы Сейітқамза Ластаев атындағы мектепте ағылшын тілі пәнін тікелей шетелдік мұғалімдер – мысалы, Филиппиннен және өзге мемлекеттерден келген мамандар жүргізетінін де айта кеткен жөн. Айтпақшы, олар да фестивальге қатысып, шараның мазмұнына заманауи леп қосты.
Берекелі ыдыс
Аманжан ақсақалмен әлі таныс емес оқырманға айта кетер жайт – ол Оралхан Бөкейдің ауылдасы, мектептегі досы ғана емес, белгілі жазушының бірнеше шығармасының кейіпкер прототипі ретінде де әдебиетке енген жан.
Қаламгердің туындыларында Алтай табиғатының қаталдығына қарамастан, адам жанының беріктігі, тұрмыс-тіршіліктің шынайы көрінісі нақты суреттелген.
Аманжан ақсақал – көне бұйымдарды жаңғыртушы ғана емес. Зейнеткерлікке шыққан соң он жылдай Катонқарағайдағы Шыңғыстай ауылында орналасқан, бүгінде барша Қазақстанға мәлім Оралхан Бөкей музейінің қамқоршысы болды. Жазушының 70 жылдығы кезінде өткен мерейтой – сол жылдардағы ең ауқымды мәдени шаралардың бірі. Сол мерейлі кезеңде Катонқарағай ауылында Оралханға арналған ескерткіш бой көтеріп, Шыңғыстайдағы музей жаңғырып қайта ашылды. Жазушы тұрған үйдің ішкі атмосферасы, отбасының жеке заттары өзгеріссіз қалпына келтіріліп, жұртшылыққа ұсынылды.
Шыңғыстай Бөкей әулетінің қасиетті қара шаңырағы ретінде бүгінде қазақ әдебиетін құрмет тұтқан талай жанның табынар мекеніне айналды. Бұл ауылдың мәртебесі де Шыңғыс Айтматовтың Қырғызстандағы Чекер ауылымен рухани деңгейде үндесіп тұр. Автор да сөйтіп, Бішкектегі музейде екі классиктің бірлесіп түскен суретіне көзі түскенін еске алады — әдеби екі алыптың рухани сабақтастығы айқын.
Таланттың қайнар көзі
Аманжан Нуксарин – өмір бойы еңбектің қадірін білген жан. Шыңғыстай орта мектебінде дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы болды. Оқушыларына біліммен бірге мінез, тәртіп, шыдамдылық сыйлады.
1942 жылы Қабырға ауылында дүниеге келген ол жастайынан белсенді, елгезек болып өседі. Кейін Қызыл Ту Солтүстік Әскери-теңіз флотында сүңгуір қайықта төрт жыл қызмет атқарып, офицер атағымен елге оралады. Туған ауылында ұстаздық жолын жалғастырып, сырттай Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдайды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени және спорттық дамуына қосқан үлесі үшін «Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы» атанды.
1965 жылы оның өмірі басқа арнаға бұрылуы мүмкін еді: досы Оралханның ұсынысымен Үлкен Нарын ауылындағы «Еңбек туы» газетіне аудармашы болып орналасады. Алайда бір жыл өтпей отбасы жағдайымен туған ауылына оралып, қайта ұстаздық қызметке кіріседі. Бәлкім, ол баспасөзде қалып қойғанда өмір жолы өзгеше өрілер ме еді? Бірақ бүгінгі беделі, қадірі – елге сіңірген еңбектің айқын дәлелі.
Өнерлі отбасы
Ағаш ою – Нуксариннің жалғыз шеберлігі емес. Ол – ежелгі зергерлік технологияларды меңгерген, күмістен әшекей жасаудың қыр-сырын білетін сирек өнер иесі. Шығыс халықтарында күміс алтыннан қымбат саналатыны бекер емес. Күмістің тозбайтын қуаты, емдік энергиясы туралы сенім ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сондықтан ақсақал жасаған білезік, жүзік, тұмар–құт бұйымдар да сұраныстан кенде емес. Тіпті әлеуметтік желілерде оның шағын құралдармен күміс өңдеп отырған сәті түсірілген бейнежазбалар да тараған.
Катонқарағай көрмесінде ақсақалдың жұмыстары «Нуксариндер отбасының қолданбалы өнері» деген атаумен ұсынылды. Бұл атаудың өзі көп нәрсені аңғартады: бұл шаңырақта еңбек дәстүрге айналған, өнер – күнделікті тыныстың бір бөлігі.
Көрме алаңында жүннен жасалған алаша мен сырмақ көзге бірден түседі. Алаша – иірілген жіптен тоқылса, сырмақ – киізге түрлі түсті өрнек бастыру арқылы жасалады. Төңіректе гобелендер, кілемшелер, кестелі шапандар ілінген. Келушілерге ұлттық нақышпен киінген Еркежан ханым – Аманжан ақсақалдың қызы – әр бұйымның мәнін түсіндіріп, шеберлік сырларымен бөлісіп тұрды.
Ал Катонқарағайдағы «Қазыналы Катонқарағай» атты ансамбльді білмейтін адам кем. Нуксариндер әулеті оның құрамында талай рет сахнаға шығып, тыңдарманға ұлттық өнердің терең тамырын сездірген. Өнер, еңбек, ұлт алдындағы қызмет – бұл отбасының болмысын айқындаған қасиет.
Таир Сапарғалиев
Аударған: Айна Бакимбаева
Фото: Жібек Нұрахмет


