KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметін 443 мың рет қолданған

4.12.2025, 11:00 114 Ержан Әбіш

Үкімет бастамасымен іске асырылып келе жатқан инватакси қызметін жаңғыртуға бағытталған пилоттық жоба аясында 2025 жылдың басынан бері ерекше қажеттіліктері бар азаматтар агрегаторлар арқылы 443,9 мың рет инватакси қызметін пайдаланған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша инватакси қызметі бар болғаны 207,2 мың рет көрсетілген еді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызметтің осындай қысқа мерзімде екі есеге жуық жиі қолданылуы агрегаторлармен жұмыс істеу механизмінің тиімділігін, азаматтардың қолжетімді әрі жедел көмекке деген сұранысының арта түскенін көрсетеді. Бұған дейін инватакси қызметін алу үшін азаматтар бір күн бұрын әкімдікке хабарласып, кезекке жазылуы қажет болатын. Бұл, әсіресе, шұғыл жағдайларда қиындық туғызған: көліктің жетіспеушілігі, ұзақ күту, жоспарлаудың күрделілігі, жүргізушілермен байланысудың ыңғайсыздығы.

Осы проблемаларды еңсеру мақсатында Еңбекмині жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қызмет көрсету тетігін түбегейлі жаңарту туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде такси агрегаторларын инватакси көрсетуге тарту жөніндегі пилоттық жоба басталды. Бұл жобаның негізгі артықшылығы – агрегатор платформалары сапар ақысынан комиссия ұстамайды, яғни барлық қаражат тікелей қызмет көрсетуші тарапқа түседі. Пилотқа алғашқылардың бірі болып «Яндекс» компаниясы өтеусіз негізде қатысуға келісім берді.

Жоба шеңберінде мүгедектігі бар азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы арнайы Инватакси қызметіне тапсырыс бере алады. Бұл жаңашылдық олардың сапарды тез ұйымдастыруына, жүргізушінің келу уақытын онлайн бақылауына, маршрутты таңдауға және орындалған сапарларды мониторингтеуге мүмкіндік береді. Қосымшада инклюзивтілікке бағытталған бірнеше арнайы функция іске қосылды: пайдаланушы өзіне қажет көмекті алдын ала көрсете алады, ал жүргізушілер жолаушыны көлікке отырғызу, түсіру, жүк тасымалдау секілді әрекеттерді қалай дұрыс орындау керектігі жөнінде нақты нұсқаулық алады.

2025 жылы пилоттық жоба Астана мен Алматы қалаларында фокус-топтармен бірлесіп тестілеу режимінде жалғасуда. Қатысушы азаматтар қызметтің сапасын, ыңғайлылығын, мобилділігін бағалап, өз ұсыныстарын беріп келеді. Алдағы уақытта жобаны еліміздің өзге өңірлеріне де кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.

Инватакси қызметінің дамуы – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасаудың маңызды элементі. Уақытылы әрі қолжетімді көлік олардың жұмысқа, оқу орнына, медициналық қаралымға, қоғамдық іс-шараларға еркін баруына мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жаңғырту шаралары Қазақстанның әлеуметтік инклюзияны нығайтуға бағытталған саясатының бір бөлігі саналады.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда әлемде Халықаралық мүгедектер күні атап өтілді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылғы қарарымен бекітілген бұл дата қоғам назарын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселелеріне аударуды, олардың құқықтарын қорғауды және оларды қоғамға толыққанды кіріктіруге жағдай жасауды көздейді. Еліміздің түрлі өңірлерінде осы күнге орай қолдау шаралары, қайырымдылық акциялары, ақпараттық кездесулер мен инклюзивті мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу