Өскемен оқушылары қолайсыз метеорологиялық жағдайда қашықтықтан оқиды
Қазақстанда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған жағдайда оқушыларды қашықтан оқытуға көшіру мәселесіне ел Премьер-министрі Олжас Бектенов нақты жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Премьер-министрдің айтуынша, зиянды заттардың шекті мөлшері үш еседен асып, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар екінші немесе үшінші дәрежеге жеткен жағдайда, облыс әкімдіктері оқушыларды онлайн-форматқа ауыстыру туралы шешім қабылдай алады.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстаннан сайланған Сенат депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында ауа сапасының төмендеуі денсаулық пен өлім-жітімге әсер ететін негізгі қауіп факторларының бірі болып қала беретінін атап өткен еді.
Депутаттың айтуынша, өнеркәсіптік кәсіпорындардың шоғырлануы мен қолайсыз метеожағдайлардың (инверсия, желсіздік) қатар келуі үнемі қолайсыз метеожағдай пайда болуына әкеледі. Бұл өз кезегінде тұрғындар арасында тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың артуына әсер етеді. Сенатор ауа ластануына байланысты қолайсыз метеожағдайлар кезінде мектептерді қашықтан оқытуға көшіру мәселесін көтерді.
Депутат 2025 жылдың қазан айында "Қазгидромет" ресми деректеріне сене отырып, Өскемендегі қолайсыз жағдай бірнеше күн сақталуына байланысты мектептер әкімдік пен білім басқармасының келісімімен қашықтан оқытуға көшірілгенін еске салды.
Депутаттардың мәлімдеуінше, Қазақстанда зиянды заттардың қолданыстағы шекті рұқсат етілген концентрациялары көп жылдар бойы жаңартылмаған. Оның айтарлықтай артуы (5 және одан да көп есе) жағдайында, әсіресе, қолайсыз метеорологиялық кезеңде халықтың денсаулығы мен өмірін қорғау бойынша нақты ұсыныстар жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі ДДҰ стандарттарына көшу жөніндегі Жол картасын бекітті. Алайда, оны іске асыру үшін қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидаларына нақты заңнамалық өзгерістер енгізу қажет.
Депутаттық сауалға Премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді. Оның айтуынша, атмосфералық ауаның ластануына мониторинг жүйелі түрде 70 елді мекенде жүргізіледі.
Олжас Бектенов қашықтан оқыту ресми білім беру формаларының бірі екенін және тиісті бұйрықпен реттелетінін еске салды.
Осылайша, Олжас Бектеновтің нақты жауабынан кейін екінші және үшінші дәрежелі қолайсыз метеожағдайлар кезінде және ол үш еседен жоғары асқанда әкімдіктер оқушыларды онлайн-оқытуға көшіру мүмкіндігіне ие.
Қазгидромет деректеріне сүйенсек, Өскемен еліміздің қалалары арасында қолайсыз метеожағдай тұрақты әрі жиі қалыптасатын облыс орталықтарының бірі.
Дәурен Аллабергенұлы