KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

Монополиямен күрес: ШҚО-да 7,7 миллион теңге айыппұл салынды

Фото: ШҚО ӨКҚ

5.05.2025, 17:45 326 Әбішев Ержан

Былтырдан бастап осы жылдың алғашқы тоқсанына дейін Шығыс Қазақстан облысында монополияға қарсы күрес күшейтілді. Бұл аралықта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша департаменті 16 нарық субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартып, жалпы сомасы 7,7 миллион теңге айыппұл салды. Оның 4,1 миллион теңгесі монополиялық табыс ретінде тәркіленді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Аталған кезеңде 8 тергеу жүргізіліп, 4 әкімшілік іс қозғалған. Бұған қоса, нарық субъектілеріне 13 ескерту берілсе, тағы 2 ескерту «жұмсақ құқық» саясаты аясында жасалған. Соның бірі көмір бағасының өсуіне қатысты жарияланымдармен байланысты.

– Монополияға қарсы департамент тауар нарықтарын белсенді зерттеуді жалғастыруда. Есепті кезеңде 26 бәсекелестік талдау жүргізіліп, басты назар сұйытылған газ, азық-түлік, интернет, мұнай өнімдері және білім беру қызметтері нарықтарына аударылған. Нәтижесінде көптеген аудандарда бәсекелестіктің төмен деңгейі анықталды, – деді департамент басшысының орынбасары Ренат Набиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бәсекелестікті дамыту мақсатында департамент тарапынан 16 ұсыныс жолданып, ірі жеткізушілермен 39 антимонополиялық келісім жасалды. Соның ішінде бірі медицина саласында жүзеге асқан.

Кәсіпкерлікке кедергілерді жою бағытындағы шаралар да белсенді жүргізілуде. Департамент жанында кәсіпкерлердің қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін арнайы кеңес бар. 2024 жылдан бері кеңестің 24 отырысы өтіп, оның нәтижесінде бір кедергі республикалық кедергілер картасына енгізілді, үшеуі енгізуге ұсынылды, ал бес кедергі жергілікті деңгейде жойылды.

Сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорындардың антимонополиялық органмен келісілмеген қызметі анықталып, тиісті аудан әкімдіктеріне, коммуналдық кәсіпорындарға бұйрықтар жолданды. Барлық бұйрықтар толығымен орындалған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу