KZ
Өскемен
-20°
туман жел 2 м/с, СБ
506.7 593.14 6.53

Өскемендегі ЖМК шағын ауданында 2029 жылға дейін жеті балабақша салынады

22.12.2025, 11:47 112 Базарова Айгүл

Өскеменде мектепке дейінгі және орта білім беру инфрақұрылымын дамыту өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Қалада балабақша мен мектептер саны артқанымен, жаңа тұрғын үй кешендері қарқынды салынған аудандарда орын тапшылығы әлі де сезілуде. Бұл мәселені шешу үшін жекеменшік балабақшалар ашу, жаңа мектептер салу және қолданыстағы білім беру нысандарын кеңейту бағытында нақты жоспарлар жүзеге асырылып жатыр. Бұл мәселеге ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығы тұрғындарымен өткен кездесуде ерекше тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – баланың тұлға болып қалыптасуындағы білім беру жүйесінің алғашқы әрі маңызды сатысы. Бүгінде Өскемен қаласында 14 700 баланы қамтитын 101 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов саладағы жұмыстарға жан-жақты тоқталды. 

Шаһарда жыл сайын балабақшаға баратын бүлдіршіндердің саны артуда. Үлбі және Октябрь шағын аудандарында балабақша орындары жеткілікті болғанымен, жаңа тұрғын үй кешендері қарқынды салынып жатқан ЖМК шағын ауданында 1715 орынға тапшылық сақталуда. 

– Осыған байланысты жеке инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы қалада 359 жаңа орын ашылып, үш жекеменшік балабақша іске қосылды, тағы бесеуі кеңейтілді. 2026 жылы 670 орындық үш балабақша ашу, екі балабақшаны 255 орынға дейін кеңейту жоспарланған. Ал ЖМК ауданындағы балабақша тапшылығын толық жою үшін 2029 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында төрт балабақша салу көзделіп отыр, - деді облыс әкімі.

Осыған орай Өскемен қаласының әкімі Алмат Акышовқа білім басқармасымен бірлесіп, мектепке дейінгі біліммен қамтуды арттыру үшін жаңа орындар ашу мәселесін пысықтау тапсырылды. 

Өңірде барлығы 347 мектеп болса, оның 52-сі Өскемен қаласында орналасқан. Қала мектептерінде 49 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сапалы білім берудің негізгі шарттарының бірі – заманауи инфрақұрылым. Осы мақсатта жыл сайын білім беру нысандарын жөндеуге 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Өткен жылы «Нұрлы жол» шағын ауданында 599 орындық мектеп ашылып, 15 білім беру нысаны жөнделді, 10 жаңа сынып бөлмесі сатып алынды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2024–2025 жылдары 1500 орынға арналған үш мектеп пайдалануға берілді. Биыл да 17 білім беру нысаны жөнделіп, үш сынып бөлмесі жаңартылды.

Десе де, оқушы орындарының тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр. Қала бойынша 18 мектепте 3902 орын жетіспейді. Бұл мәселе ЖМК шағын ауданында өткір – мұнда 1406 орын тапшылығы бар. Соңғы төрт жылда КШТ ауданында оқушылар саны 3,5 мыңнан астам балаға артқан. Бұл тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруімен және көші-қон үдерістерімен тікелей байланысты.

Осыған байланысты облыс басшысы Өскемен қаласының әкіміне Білім басқармасы және Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларымен бірлесіп, ЖМК шағын ауданындағы оқушы орындарының жетіспеушілігін шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу