KZ
Өскемен
-21°
туман жел 1 м/с, С
524.66 550.21 5.09

Цифрлық даму: Шығыс Қазақстан облысында интернет қолжетімділігі артып келеді 

Фото: pexels.com

16.12.2024, 19:30 52 Гульжан Мусина

Цифрландыру – Қазақстанның дамуындағы басты басымдықтардың бірі. Әсіресе, заманауи интернет желісіне қолжетімділік халықтың білім, медицина, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтер салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтуде аса маңызды рөл атқарады. Шығыс Қазақстан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде облыс халқын сапалы интернетпен толық қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып отыр. 

Шығыс Қазақстан облысының 357 елді мекенінде 698 мың адам тұрады. Олардың 202 елді мекені немесе облыс халқының 96%-ы мобильді интернетпен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.   

Бұл – елді мекендердегі цифрлық инфрақұрылымның жақсарғанының айқын көрсеткіші. Дегенмен, қалған 155 елді мекенді интернет желісімен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 

2024 жылға дейінгі міндеттер айқындалған: жыл басынан бері мобильді операторлардың лицензиялық міндеттемелері аясында 29 елді мекенде (шамамен 6,9 мың адам) интернетке қолжетімділік орнатылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш артып, облыстың 257 елді мекені немесе тұрғындардың 97,5%-ы интернетпен қамтылатын болады. Бұл жоспар бойынша, алдағы жылы тағы 55 елді мекендегі 11,6 мың адам интернетке қосылады. 

Шалғай ауылдарда интернет желісін орнату – ерекше назар аударуды талап ететін мәселе. Бұл бағытта геостационарлық спутниктер арқылы интернет жеткізу әдісі қолданылуда. Мысалы, Алтай ауданындағы Андреевка ауылы мен Үлкен Нарын ауданындағы Егінді және Приморское ауылдарында «KazSat» спутниктері арқылы радиусы 50 метр болатын қоғамдық Wi-Fi нүктелері орнатылды. Бұл қызмет халыққа цифрлық мемлекеттік қызметтерді және басқа да онлайн сервистерді тегін пайдалану мүмкіндігін ұсынады. 

Кең жолақты интернетке қолжетімділікті арттыру мақсатында облыстың республикалық маңызы бар жолдарының бойында да жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта 27 антенна-мұнара станцияларын (АМС) салу қолға алынды. Мұндай инфрақұрылым құрылысы тек жол бойындағы елді мекендер үшін ғана емес, облыстың жалпы көлік және логистика саласы үшін де үлкен маңызға ие. Жобаны жүзеге асыру барысында талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту, АМС пен трансмиссия орнату, электр қуатын жеткізу жұмыстары қатар жүргізілуде. 

Сапалы интернеттің арқасында халықтың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігі айтарлықтай жеңілдейді. Электронды қызметтерді пайдалану уақыт пен қаржыны үнемдейді. Сонымен қатар, шалғай ауыл тұрғындары да цифрлық білім алып, кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігіне ие болады. Интернет желісінің дамуы ауыл мектептеріндегі қашықтан оқыту сапасын жақсартып, медицинада телемедициналық қызметтерді кеңінен қолдануға жол ашады. 

Шығыс Қазақстан облысында интернетпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылға дейін өңірде халықтың 100%-ын сапалы интернетпен қамту міндеті қойылған. Қазіргі жетістіктер бұл мақсаттың ойдағыдай жүзеге асатынына сенім ұялатады. Цифрлық инфрақұрылымның дамуы – өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадам. Елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету арқылы Шығыс Қазақстан цифрландырудың жаңа кезеңіне көшіп, заманауи технологиялардың барлық артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік алады. 

 Ержан Әбіш

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу