Қазақстанда қойшылар мен бақташылардың зейнет жасы төмендетілмек
Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Қоғамдық кеңес отырысында мал шаруашылығын қолдау бағытында маңызды шешімдер қабылданды. 2026–2030 жылдарға арналған Кешенді жоспар жобасында қойшылар мен бақташылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, малшылар қауымының мәртебесін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz
Министрлік мәліметі бойынша жиында мал шаруашылығы саласын дамытудың жаңа тетіктері кеңінен талқыланып, фермерлер үшін жеңілдетілген қаржыландыру жолдары, жайылымдарды тиімді пайдалану, саланы цифрландыру және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері көтерілді.
Сонымен бірге, малшылардың әлеуметтік жағдайына қатысты бірқатар маңызды ұсыныстар жасалды. Кешенді жоспар жобасында қойшылар мен бақташылар үшін зейнетке шығу жасын төмендету, олардың отбасы мүшелеріне, әсіресе, балаларға білім беру гранттарын басымдықпен бөлу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру сияқты әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.
Бұл бастамалар ауылдағы ауыр еңбекті бағалау және малмен күн көріп отырған отбасыларға шынайы көмек көрсету мақсатында әзірленгенін вице-министр атап өтті. Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға тұрғын үй мәселесінде қолдау көрсету, жайылымдық инфрақұрылымды жақсарту және көшпелі мал шаруашылығын дамыту бағыттары да бағдарламада ерекше орын алды.
Қоғамдық кеңес мүшелері Кешенді жоспар жобасын бірауыздан қолдап, оның ауылдағы еңбек адамдарының, әсіресе, қойшы мен бақташы қауымның әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталғанын атап өтті. Енді құжат қабылданып, іске асқан жағдайда, мал шаруашылығы саласы дамумен қатар, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып отырған ауыл еңбеккерлеріне нақты жағдай жасалмақ.