KZ
Өскемен
+6°
пасмурно жел 1 м/с, С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Картоптың қымбаттауына кім кінәлі? – министрлік түсіндірді

10.06.2021, 12:31 214

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов картоп пен сәбіздің қымбаттауына не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес отандық картоп өндірісі ішкі тұтынуды 108%-ке қамтамасыз етеді. Ал картоптың тауарлық өндірісінің көлемі бар болғаны 2,0 миллион тоннаны немесе жалпы түсімнің 47%-ін құрайды. Қалған көлемі тауар айналымына жүйелі түрде қатыспайды, өйткені ол халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі.

Былтыр экспорт 360 мың тонна көлемінде рекордтық мәнді құрады. Осылайша, картоп экспортының үлесі 19%-ті құрайды, бұл нарықтағы тапшылыққа әкеледі. Осыған байланысты маусымаралық уақытта картопты импорттау қажеттілігі туындады. Бұл жағдай жылдан жылға қайталануда.

"Осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да тиісті шаралар қабылдамай отыр. Өткен жылы баға картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана тұрақтандырылды", – деді Сұлтанов үкімет отырысында.

Айтуынша, биыл картопты төмен бағамен экспорттаудың салдарынан отандық өнім қорлары 3 есе қысқарған (903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін). Сол себепті Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп сатып алынды. Оның бағасы отандық картопқа қарағанда үш есе жоғары.

"Жалпы 4 айда картоп импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 есе өсті, ал жыл басынан бері импорт бағасы 47%-ке жоғарылады. Бұл ретте әкімдіктер барлық қажетті тетігі болса да, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта картоп бағасын ұстай алмады", – деді министр.

Атап айтқанда, субсидиялау кезінде өндірушілерге "қарсы міндеттемелер" қойылмаған. Өңірлік тұрақтандыру қорларына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбады. Сондай-ақ форвардтық сатып алу және "айналым схемасы" сияқты нарықтық тетіктер толық пайдаланылған жоқ.

"Өңірлердегі тұрақтандыру қорларында қазіргі уақытта картоп қоры іс жүзінде жоқ", – деп мәлімдеді Сұлтанов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив