Өскеменде жаңа дзюдо орталығы ашылды (Видео)
Өскеменде тағы бір спорт нысаны келушілерге есігін айқара ашты. Бүгін облыс орталығындағы Park city тұрғын үй кешенінде Aqtai дзюдо клубы филиалының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа нысан КСРО-ның спорт шебері, самбо мен дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Жанәділ Атаевтың атын иеленіп отыр.
Соңғы бірнеше жылда Шығыс Қазақстанда дзюдоға бет бұрған жастардың саны еселеп артқан. Мұны іс-шараның басы-қасында жүрген облыстық дзюдо федерациясының президенті Рустам Закарьянов та айтты. Оның сөзінше, бүгінде облысымызда дзюдо спортының екінші тынысы ашылып келе жатыр деуге болады. Мәселен, осыдан шамамен үш жыл бұрын Шығыс Қазақстанда дзюдомен шұғылданатын жастардың саны 200-дің айналасында ғана болса, қазір бұл көрсеткіш мың жарым мыңнан асып кетіпті.
Өскеменде жаңа дзюдо орталығының ашылып жатқанына Жанәділ Атаевтың өзі де қуанышты. Филиалдың ашылу салтанатына қатысқан Жанәділ Әбдіраманұлы бұл жерден әлі талай Әлем мен Олимпиада чемпионы шығатынына сенім білдірді.
Белгілі болғандай, қаланың жаңадан бой көтерген ауданындағы орталықта 300-ден астам шәкірт дзюдо күресінің қыр-сырын меңгермек. Олармен дзюдодан кіші жасөспірімдер мен үлкен жасөспірімдер арасындағы облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Арқалық Базылханов сияқты білікті бапкерлер жұмыс жүргізетін болады.
Нұржан Кенжеұлы
Фото/видео: Ермек Жиенбеков