ШҚО ТЖД ашық есік күні өтті
Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде ашық есік күні аясында Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қонаққа келді. Іс-шараға 16-ға жуық бала қатысты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құтқарушылар балаларға қауіпсіздік шаралары туралы маңызды кеңестер беріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Қонақтар құтқару қызметкерлерінің батырлық еңбегімен және төтенше жағдайларда қолданылатын техника мен жабдықтармен жақын танысты.
Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мұражайда экскурсия ұйымдастырды. Балалар мұражай экспонаттарын көріп, қызметтің құрылу тарихымен танысты. Мұражайда өрт сөндіру көліктерінің модельдері мен төсбелгілердің коллекциялары ұсынылды. Сонымен қатар, балалар нақты өрт оқиғаларынан алынған заттай дәлелдемелерді үлкен қызығушылықпен қарады. Мұражай қорының құрамында сирек кездесетін экспонаттар бар: өрт дулығалары, өрт сөндіру оқпандары және басқа да жабдықтар. Балалар дәстүр бойынша өрт сөндірушілердің жауынгерлік костюмдері мен дулығаларын киіп көрді.
Іс-шараның ең қызықты бөлігі балалардың ТЖД кинологиялық қызметімен және іздестіру жұмыстарын жүргізетін құтқарушы-лабрадор Гелеймен танысуы болды. Қонақтар, сондай-ақ өрт-құтқару спортына үйрететін спорттық манежді көрді.
Балаларға азаматтық қорғау саласына қатысты ақпарат беру мақсатында М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына түсу бойынша насихаттық жұмыстар жүргізілді. Бұл жерде олар өрт сөндіруші және құтқарушы мамандықтарын меңгеру мүмкіндігі туралы мәлімет алды.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі