Өңірде жатыр мойны обыры анықталғандардың саны азайды
Қаңтар айы бойы Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу айлығы өтеді. Бұл айлық аясында тұрғындарға қатерлі ісік туралы қосымша ақпарат беріліп, тегін скринингтік тексерулер ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда жатыр мойны обырына тексерілушілердің саны артып, қатерлі ісік анықталған әйелдердің саны айтарлықтай азайған. Соған қарамастан, бұл дерт сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр.
Өңірде жатыр мойны обырының алдын алу және оны ерте анықтау бағытында түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Жергілікті отбасылық дәрігерлік амбулаторияларда медициналық тексерістен өткізетін мамандар арнайы оқытылды. Олар өз деңгейінде жатыр мойны обырының алғашқы белгілерін анықтай алады. Егер қандай да бір белгілер анықталса, науқас бекітілген мерзім ішінде облыстың білікті мамандарының бақылауына жіберіледі.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың қыркүйегінде елімізде алғаш рет жатыр мойны обырының алдын алатын адам папилломавирусына қарсы вакцина 11-13 жас аралығындағы қыздарға егіле бастады. Себебі, папиллома вирусының құрамындағы компоненттер жатыр мойны обырының пайда болуына ықпал етеді.
Айта кету керек, жатыр мойны обырының алдын алу айлығы аясында 18 қаңтар күні облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында, сондай-ақ әр аудан мен қаладағы медициналық мекемелерде ашық есік күндері өтеді. Бұл күні медициналық сақтандырудың бар-жоғына қарамастан, жеке куәлігімен келген кез келген әйел тегін тексерістен өте алады.
Ақерке Рағызбаева
Видео: Ермек Жиенбеков