Аулада тұрған автокөлігіңізді біреу қағып кетсе не істеу керек? Инструкция
Тұрғындардың көбі өз машиналарын аулаға не автотұраққа қойғанда өзге көліктердің сырып кететін жағдайларына тап болып жатады. Бұл жағдайда не істеу керек және оқиға орынан кетіп қалғандарды қалай тауып жазалау керек? Бұл туралы Алматы қаласы ПД Анықтау бөлімі қызметінің бастығы Олжас Шарипов айтып берді.
- Егер автотұрақта көлігіңіздің сырылған жағдайын көрсеңіз, бірінші кезекте 102 хабарласып, полиция қызметкерлерін шақыртыңыз. Полиция келіп, фактіні көріп, жазып алады. Белгісіз тұлғаға қатысты Әкімшілік кодекстің 610-бабы 1-бөлігі немесе 611-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалады. Хаттама толтырылып, онда полиция қызметкерлері барлық техникалық зақымды көрсетеді, - деді тәртіп сақшысы.
Содан кейін бүлінген автокөлік иесінен апат туралы арыз-шағымын алынады. Осыдан кейін материал аудандық полиция бөліміне, әкімшілік тәжірибе бөліміне беріледі.
- Бұл уақытта жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалған жүргізушіге іздеу салынады. Онымен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері айналысады. Жүргізуші анықталған кезде, тұлғадан жол-көлік оқиғасының мән-жайы туралы түсініктеме алынады. Осыдан кейін материал әкімшілік сотқа жіберіледі, - деп түсіндірді Алматы Полиция департаментінің Анықтама бөлімінің басшысы.
Өз кезегінде әкімшілік сот құқық бұзушыға жазаны белгілейді.
610 баптың 1-бөлігі бойынша 20 АЕК (58 340 теңге) түріндегі жаза немесе 6 айға жүргізу құқығынан айыру қарастырылған. 611-баптың 2-бөлігі бойынша (заңбұзушының оқиға орнынан кетіп қалғанын ескере отырып) 50 АЕК (145 850 теңге) айыппұл немесе бір жылға көлікті жүргізу құқығынан айыру қарастырылған.
- Бұл жағдайда зардап шеккен тараптың позициясы да маңызды. Егер жәбірленуші жол-көлік оқиғасын жасаған адаммен келіссөзге келіп, татуласса, онда сот мұны ескеріп, көлік жүргізу құқығынан айырмауы мүмкін, - деп атап өтті Олжас Шарипов.
Алайда бүлінген көліктің иесі не жүргізушісі полиция шақырмай, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған жағдайда жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап кеткен үшін 611-баптың 2-бөлігі бойынша көлікті жүргізу құқығынан айырылуы немесе 50 АЕК айыппұл төлеуі мүмкін.